Арқалық қаласына қарасты Родина ауылында тұрып жатқан Кәмшат Бегалықызы әубастан аспаздықпен айналысып келе жатыр. Бұған дейін өз қолымен дайындаған тәттілерін отбасы, туған – туыстарына бөлісумен шектеліп келген ол бүгінде мемлекеттен қайтарымсыз грант иеленіп, көптен көкейде жүрген арманын жүзеге асыра бастады.
«Былтыр бизнес жобамды сәтті қорғап, 1 476 000 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтып алдым. Осы қаражатқа пеш, қамыр илеуге арналған құрылғы, нан пісіретін қалыптар сатып алып, өз алдыма кәсібімді бастап кеттім. Көп уақыт бола қоймаса да қазірдің өзінде мерекелік шағын рәсімдерге тәттілер мен нан өнімдеріне тапсырыс қабылдап жатырмын. Сүйікті кәсібімді бастауға қолдау білдіріп, қаражат берген мемлекетімізге алғысым шексіз», – дейді Кәмшат Әбілова.
Кәсіпкер алдағы уақытта жұмыс ауқымын кеңейтіп, қала нарығына шығуды көздейді. Еске сала кетсек, 2024 жылы Арқалық қаласы бойынша 17 адам мемлекеттен қайтарымсыз грант алған болатын.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы