Бұл бастама ылғалды көп қажет ететін дақылдардың үлесін азайтып, жоғары рентабельді өсімдіктер мен майлы дақылдар өндірісінің көлемін арттыруға сеп болмақ. Үкіметтегі кеңес қорытындысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бірқатар министрліктерге осындай тапсырма берді.
Премьер-Министр Ауыл шаруашылығы және Су ресурстары министрліктері өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, жұмыс істеу тәсілдерін қайта қарау қажеттігін айтты. Алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін ауыл шаруашылығы дақылдарының элиталық тұқымдарының үлесін, машина-трактор паркін жаңарту деңгейін және су үнемдеу технологиялары енгізілген алаңдардың жұмысын жандандыру керек.
«Әрбір өңір үшін өсудің қолда бар резервтері мен даму әлеуетін ескере отырып, көрсеткіштер айқындалды. Моно және ылғалды көп қажет ететін дақылдарды азайту арқылы сұранысқа ие дақылдардың алқаптарын кеңейтіп, минералды тыңайтқыштар қолдану деңгейін арттыру қажет», — деді Әлихан Смайылов.