Республика күніне орай өткен салтанатты іс-шарада мемлекеттік марапаттар табысталды

Республика күніне орай өткен салтанатты іс-шарада мемлекеттік марапаттар табысталды

Жастар сарайында Қостанай жұртшылығының назарына мерекелі бағдарлама ұсынылды. Іс-шара аясында еңбегімен ерекшеленгендер, көктемгі су тасқынында халыққа көмек қолын созған азаматтар марапатталды.

Мерекелі думанның ашылуында облыс әкімі Құмар Ақсақалов жиылған жұртшылықты Республика күнімен құттықтады.

“Осы орайда ұлтымыздың ұлы тұлғаларының ерен еңбегі мен қайраткерлігін айтпай кетуге болмайды. Олардың есімін жұрт жадында жаңғырту өте маңызды. Ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Бейімбет Майлин сынды тұлғаларымыз өткен. Келесі жылы Міржақып Дулатовтың 140 жыл толуын атап өтеміз. Аға буынның еселі еңбегі жас ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге. Жұртымыздың берекелі бірлігінің арқасында еліміз жыл сайын көркейіп келеді. Соңғы жылдары елімізде ауқымды жоспарлар қолға алынды”, – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде. Сондай-ақ баяндамасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттерге сай өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

“Бүгінгі таңда біздің өңір республикадағы өнеркәсіптік өндіріс көлемі бойынша 6-шы орында және біздің міндетіміз – көшбасшылар үштігіне кіру. Өңдеу өнеркәсібінде машина жасау, әсіресе, қарқынды дамып келеді, бұл технологиялық тұрғыдан ең күрделі салалардың бірі. Оның дамуы экономикаға айтарлықтай әсер етеді. Мысалы, машина жасауда бір жұмыс орнын ашу автоматты түрде аралас салаларда бес-алты жұмыс орнын ашуға  мүмкіндік береді. Сондықтан, біздің алдымызда өңірді одан әрі индустриялық дамытудың локомотивіне айналатын шын мәнінде серпінді жобаларды іске асыру міндеті тұр”, – деді Құмар Ақсақалов.

Әкім сөзінен соң кезек марапаттау рәсіміне берілді. “Парасат” орденімен Сарыкөл ауданының кәсіпкері Эдуард Двуреченский, Қостанай қаласындағы офтальмологиялық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Шыңғысхан Жүсіпов, Федоров ауданының әкімі Тәуба Исабаев марапатталды.

Эдуард Двуреченский егіншілікке ылғал үнемдейтін технологияны табысты енгізген кәсіпкер ретінде еңбегі ерекше аталды. Ел Президентінің тапсырмаларын іске асыру жөніндегі жол картасында жаңа технологияны енгізу қажеттігі көрсетілген. Жеті жылдық қызмет барысында Эдуард Валентинович кәсіпорны топырақтың оңтайлы құрылымына қол жеткізді, нәтижесінде жұмысы барлық жағынан алға басты. Кәсіпорындағы өнімділік 10-15-тен 20-30 ц/га дейін өсті.

“Ылғал үнемдеу арқылы бизнесімізді алға жылжытып, еліміздің табиғи ресурсын тиімді пайдаланамыз. Еңбегімізді бағалап, елеп-ескерген басшылықтағы азаматтарға алғысым шексіз”, – дейді кәсіпкер.

“Құрмет” ордені Арқалық қаласы Халықтық қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Боранбай Әбеновке, Рудный ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Бексейітовке, Қостанай қаласы білім бөлімінің Қозыбаев атындағы № 23 ЖББМ мұғалімі Елена Богатырёваға, Арқалық қалалық мәслихатының төрағасы Гүлбану Елтебаеваға, еңбек ардагері Александр Купринге, “Пешков арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы” КММ медбикесі Шекер Саркинаға табысталды.

ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені Ұзынкөл ауданы «RR Agro»  ЖШС  механизаторы Юрий Бурлаковқа, «СарыаркаАвтоПром» ЖШС слесарі Нұралы Қожахметке бұйырды. Ал «Ерен еңбегі үшін» медалі бірқатар азаматтың төсіне тағылды. Олардың қатарында Амангелді аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлыбек Әлмағамбетовке, Әулиекөл ауданы Диев ауылының мәдениет қызметкері Рабиға Ақмейіловаға, З.Алдамжар атындағы ҚӘТУ проректоры Нұркен Байқадамовқа, Қостанай қаласы «Ақжан және біз» ЖШС директоры Рахим Байменовке, Арқалық қаласынан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Абай Сарыбаев, Ұзынкөл ауданы “Ворошкевич С.М.” ШҚ инженері Есімхан Ерденовке және тағы басқа да жерлестеріміз бар.

Сахнада “Шапағат” медалі, Қазақстан халқы ассамблеясының “Бірлік” алтын медалі, “Құрметті құрылысшы”, “Қаырылымдылық үшін” төсбелгілері және Құрмет грамоталары, алғыс хаттар табыс етілді.

Концертте көрермен қауым жергілікті өнерпаздармен қатар мерекелі думанға арнайы шақырылған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Арман Жүдебаев пен Динара Тілендиева, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының көркемдік жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі Данияр Байжұманов, «Астана Опера» театрының солисті Дінмұхамед Көшкінбаев сынды қонақтардың өнеріне де қол соқты.

Толығырақ газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу