Ұлттық мерекеміз – Республика күні Сарыкөл аудандық ауруханасының перзентхана бөлімінде сәби дүниеге келді.
Аурухана дәрігерінің мәліметінше, сәби мереке күні сағат 21.00-де дүние есігін ашқан. Баланың бойы 55 см, салмағы 3,5 келіден асады. Бүгінгі таңда ана мен баланың жағдайы жақсы.
“35 жылдан астам үлкен еңбек өтілі бар, жоғары санатты акушер-гинеколог Утенова Ғайни Шойынтайқызы басшылық ететін акушерлік қызметкерлердің кәсіби біліктіліктерінің арқасында ана мен бала өздерін қанағаттанарлық жағдайда сезінеді”, – дейді аудандық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Жандос Демеуов.
Аудан әкімінің орынбасары Әлия Бекмағамбетова мен аудандық мәслихаттың төрағасы Дастан Әбжамалов ауруханаға арнайы барып, мереке күні өмірге келген кішкентай балақайдың анасын құттықтап қайтты.
“Еліміздің басты мерекесі Республика күні кішкентайыңыз өмірге келіп, бәрімізді қуантып жатыр. Бұл да тарихи сәт деп есептейміз. Демографиямыз дамып, еліміздің ұлтжанжы ұрпақтары көбейе берсін! Сізге және балаңызға зор денсаулық және отбасыңызға амандық тілейміз!” – деді құттықтаушылар.
Руслан ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы