17.07.2025
Репрессия құрбандарын еске алды

Репрессия құрбандарын еске алды

Қостанайлықтар саяси аштық, қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ескрткіш басына жиналды. Зұлмат заманның теперішін көрген ата-бабаларын естеріне түсірді, ескерткіш басына гүл шоғын қойды. Бұлардың арасында Тобыл өңірінің алғашқы қажыларының бірі болып, елдің мұсылманша сауатын ашқан Бижанқажының немересі Шәміл Төлебайұлы да бар.

«Атамыз Бижан 1913 жылы қажылыққа барған екен. Содан туған әкем Төлебай Қостанайдың облыстық газетінде жұмыс істеген. Сол уақыттағы «Большевиктік жолда» тілші болып, әдебиет бөлімін басқарған. Солақай саясаттың кесірі қазақтардың арасына жік салып, қызмет істеп жүрген әкемді қажының баласы деп қудалайды. Содан теперіш көріп, қызметтен шыққан. Комсомолдан алынған. Кеңес партия баспасөзінде қызмет істеуге болмайды деген бұйрықпен қуғын-сүргінге ұшырап, Қазан қаласындағы Вишневский емханасында қайтыс болыпты. Ол деректерді жетпіс жыл өткеннен кейін архивтен іздеп таптым. Қазанға барып, зираттарға тағзым еттім. Архивті тағы қопардым. Әулиекөлде ас беріп, Қазандағы мешітте қазақтың ырымын жасадым. Қазан қаласындағы әкем жерленген мұсылмандар зиратында құран бағыштап қайттым», – дейді Шәміл Төлебайұлы.

Қостанайға 1998 жылы көшіп келген ақсақал баба тарихын зерттеумен болды. «Қостанай таңының» сексен жылдығында тарихи кезеңдердегі мақала авторларының тізімін жариялайды.

«Тізімнен әкемнің аты-жөнін таба алмадым. Редактордың орынбасары Сәлім Меңдібайға барып, мән-жайды сұрадым. «Білмейміз, ондай ешқандай дерек жоқ» деді. Содан архивтен әлгі деректер табылды. 1936-37 жылғы тігіндіде Латын әрпімен жазылған. Содан әкемнің мақалалары жарық етіп шыға келді. Жетпістен астам мақала көшірмесін алып, Сәлімге қайта келдім. Газет бетінде әкем жайлы көлемді мақала жарияланды», – деп еске алады қария.

Ақсақал әкесі Төлебайдың қазақтың заңғар жазушысы Бейімбет Майлиннің көзін көргенін де айтады.

«Ата-бабамыздың қонысы – Әулиекөл ауданы Аманқарағай болысы Ащы өзенінің бойы. Кеңес үкіметінде колхоздандыру болып, елдің малын сыпырып алғаннан кейін 1932 жылы кеңшар ашамыз деп жұртты әбігерге салды. Ащы бойында ауыл артелін ашып, серіктестік құрып отырған әлімбеттердің елінде үш кеңшар ашылды. Арасында Кандрат деген ауыл босап қалған екен. Соған әкеліп әр жерден халықты қоныстандырды. Ол кезде қазіргі Бейімбет Майлин ауданы Семезор ауданына қарайтын. Бейімбет аудан орталығына кеп жүргенде біздің атамыздан жақсы әңгіме тыңдау үшін шаңыраққа жиуі түседі екен. Содан атамыз әкеме: «Бейімбетті бұдан былай Би-аға деп ата!» депті. Содан қажы атамыздың айтқаны қабыл болып, осы уақытқа дейін келе жатыр деген сөз бар. Әкемнің әдебиет бөліміне келуі осы Беймбетпен арадағы байланыстан болуы керек деп ойлаймыз», – дейді ақсақал.

Төлебай Бижанұлы «Большевиктік жолға» келмей тұрып, сол жердегі бірнеше колхоздан біріккен ауылдық кеңестің хатшысы болып еңбек еткен. Сауатты ел ағасы елдегі тұрмыс-тіршілікті жазып, баспа бетіне беріп отырыпты. Осы бір қарым-қабілетін Бейімбет те байқаса керекті.

Қаралы жиынға репрессия құрбаны болған Рүстем Шаликеннің жиен немересі Сәлима да келді.

«Анам Гүлзада 1937 жылғы. Әкесін ақ түрмеден алып кеткенін айтып келеді. Соңғы барғанда: «Енді келмеңдер, оларды итжеккенге алып кетті!» депті. Атамыз колхозда істеген қарапайым шаруа адамы болыпты. Жыл сайын тағзым етуге келіп тұратын. Биыл ауырып үйден шыға алмай отыр», – дейді Сәлима апай.

Ал Олжабай Исмаилов бүгінде елімізге белгілі Академик. Ресейде туған. Әкесі репрессия құрбаны болып он жыл түрмеде отырған. Шешесі бес жыл қамауда болған. Кейін әкесі Жұмағали мен шешесі Айтбике 1959 жылы елге оралған.

Аманкелді ауданы Байғабыл ауылының тумасы Таңатқан Жалмұхамбетов бүгінде Астана қаласында тұрады. Жетпіс жетідегі қария Қостанайға қонаққа келген екен. Арнайы осы жиынның қонағы болуды жазыпты.

«Әкемнің әкесі, туған ағасы айдауда болған. Батпаққара көтерілісінен айдауға кетіп, Аманкелдіден Ақтүрмеге жаяу келген. Өз әкем 1937 жылы он жылға қудаланған. Ресейдің Варкута деген Тундра қаласына апарып, халық жауының баласы деп қара жұмысқа жегіпті. Ол жерде талай оқыған ел жігіттері болған. Семейден жиырма мұғалім барған. Мұстафа Шоқай солардың біразын асырап шетелде құтқарып қалған екен. Ол туралы бұрын әкемнен ғана еститінбіз. Қазір Егемендік алғасын шындық шығып жатыр. Сібірде қырық-елу градус аязда жұмыс істеген екен қазақтың балалары. Сонда Қазақтың күйші домбырашысы Мұрат Өкембаев әкеммен бірге болыпты. Екеуі жиырма сегіз жылдан кейін Аманкелдіде кездесті. Сол уақыт әлі көз алдымда», – дейді қария.

Бұл тұста Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар алқасының төрағасы Қалқаман Жақып зұлмат жылдар жайлы деректерді ортаға салды.
Оның айтуынша еліміз ашаршылықтың үш кезеңін бастан өткізіпті. Көптпеген этнос өкілдері қолдан жасалған аштықтың құрбаны болды. Олардың саны үш миллион адамға жетті деген дерек бар.

Саяси қуғын-сүргін репрессиясы басталып, қазақ еліне күштеп жер аударған департоцияға ілккен 1,5 миллион халық келді. Алпыстан аса ұлттың басым көпшілігі поляктар екен. Ел бойынша 1469 адам атылған. Соның ең жасы он тоғызда. Ең үлкені 83 жаста. Арасында 38 әйел болған. Көбі сауатсыз, қара жұмыстың адамдары. Жастары алпыстан асқан атылғандар саны 72 болса, 23 адамның жасы 70-тен асқан. Осылардың 36 пайызы өзге ұлт өкілдері.

Мәселен, Валентина Крайчинской поляк ұлтының өкілі. Нағашы атасы Доминик Зеленский қарапайым шаруа адамы болыпты. Житомир облысында өмір сүрген. Адал еңбегімен өмір сүріп жатқан жерінде колхоздандыру саясатына тап болады. Әйелі қайтыс болып, алты баламен қалады. 1936 жылы батыс арқылы Қазақстанға қоныс аударылған.

Ал Әкесінің екі бауыры қоныс аударылған жолда көз жұмған. Ауыл адамдары көмектесіп аман алып қалған деседі. 17 жасында соғысқа аттанып, 7 жыл сонда болған. Соғыстан кейін салық агенті болып қызмет атқарып, анасын жолықтырған. Олар Көкшетау облысының Рузаев ауданында ғұмыр кешеді. Қазір солардың төртінші ұрпағы жүріп жатыр.

Иә, мұндайды фашистер де жасаған жоқ. Бүгінде азат елдің азаматымыз. Тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Қазақстан бейбіт елдің бесігіне айналды. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Осылай десіп тағзым жасады мәңгілік ескерткіштің басына жиналған қауым.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген – Бағдат Ахметбеков