Еліміздің медицина саласына отыз жыл өмірін арнаған қандас

Еліміздің медицина саласына отыз жыл өмірін арнаған қандас

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел шекарасын ашып, қандастар туған жерге оралуға мүмкіндік алды. Сол алғашқы көшпен бірге келгендердің бірі – Батия апай мен жолдасы Қабылхан ағай. Олар 1991 жылы Моңғолияның Налах қаласынан Қамысты ауданының Қарабатыр ауылына қоныс аударып, жаңа өмірге қадам басты. Кейіпкеріміз тәуелсіздік алған жылдары қазақ жеріне оралған қандастардың алғашқы легі Моңғолиядан келгенін айтты.

Батия апайдың еңбек жолы медицина саласымен тығыз байланысты. Ол 26 жыл бойы ауыл дәрігерлік пунктінде лаборант, медбике, фельдшер қызметтерін атқарып, Қарабатыр ауылында адал қызмет етті. Қиын-қыстау шақта да қажымай, қажырлы еңбек көрсетті. Зейнеткерлікке шыққанымен, төрт жыл бойы ауылға қызметін жалғастырып, денсаулық сақтау саласындағы кәсіби тәжірибесін ұрпаққа үлгі етті. Оның бұл қызметі ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтауда аса маңызды рөл атқарды.

Жолдасы Қабылхан ағай – Қарабатыр орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі. Ұстаздық жолында талай шәкірттің білім көкжиегін кеңейтіп, өмірге деген көзқарасын қалыптастырды. Қабылхан ағайдың білімге деген құштарлығы мен адалдығы ауылдың рухани дамуына елеулі үлес қосты.

«Қазақстан алғашқы көштің легіне ерекше мән берді. Ол кезде арнайы көші-қон туралы заң да, комитет те болған жоқ. Қазақтың басын қосамыз деген бұл іс сол кездегі Президенттің идеясымен басталды. Моңғолияға қаншама ұшақ пен камаз, автобус жіберілді. Соның ішінде дәрігері, полициясы бар, 2,5 мыңдай шақырым жол жүруге әбден дайындалып келген. Адамдардың киіз үйі былай тұрсын, итіміздің итаяғына дейін тастамай алып келдік. Үкімет соған жағдай жасады. Сонда моңғолдар басын шайқап, «Не деген керемет, ұлтын сүйген халық бұл» деп, қазақтарға қайран қалған», – дейді Бәтия апай.

Отбасында ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Бәтия апай мен Қабылхан ағайдың екі ұлы да өз саласында табысты қызмет атқарып, елге адал еңбек етіп жүр.

«Ұлымдарым отбасын құрды. Олардың білім алуына қолдан келгенше жағдай жасадық. Екеуі де қызметте. Тұңғыш ұлымыз Аманжол Қарабатыр ауылының әкімі. Халықпен етене араласып, ауылдың тыныс-тіршілігін жақсартуға аянбай еңбек етуде. Екінші ұлы Серікжан Бейімбет Майлин ауданында теміржол стансасында бас маман, – дейді еңбек адамы.

Бүгінде Қабылхан ағамыз өмірден озды. Топырақ атамекеннен бұйырды. Батия апай  8 немересінің ардақты әжесі. Ұлттық салт-дәстүрді, адамгершілік құндылықтарын ұрпақтарына дарыту, оның басты міндеті. Немерелерімен бірге өткізген әр сәті – ұрпаққа ұлағат, өнеге.

«Әрине, Отаныма оралу – арманымыз болатын. Біз бұл елге үмітпен келдік. Қиыншылықты бірге еңсердік. Жолдасым екеуміз туған жерге адал қызмет еттік. Енді ұл-қызымыздың елге пайдасы тигенін көріп, немерелеріміздің шат күлкісіне куә болып отырғаным, мен үшін зор бақыт. Тілегім – еліміз аман, халқымыз бірлікте болсын», – дейді Бәтия апай.

Бәтия апай мен Қабылхан ағайдың өмірі адал еңбек пен отансүйгіштіктің жарқын үлгісі.

«Мұңғылияда жүргенде еш қиындық көрген жоқпыз. Білім алдым, жақсы жерде жұмыс істедік, жағдайымыз да жақсы болды. Бірақ, оның бәрі тарихи Отанымды алмастыра алмайды. Еш жамандық көрмесем де, ол жақтағы билік тапқан емес, баққан әке сияқты. Ал Қазақстан – Атамекенім, тапқан әкем. Өзге елде өгей бала сияқты жүресің, ал Қазақстанда туған баласындай. Туған бала болған соң, жауапкершілікті сезінесің. Өз бала-шағаңды бағып, отбасыңды асырау керек, қолыңнан одан артық іс келсе, әрине, қоғамға пайдаңды тигіз», — деп түйіндеді сөзін Бәтия Мұрат.

Бүгінде Батия апай зейнеткерлік демалысында болса да, ауылдағы мәдени өмірден шет қалған емес. Ол «Асыл әжелер» ансамблінің белді мүшесі ретінде аудан көлемінде өтетін мәдени және қоғамдық шаралардан қалмай қатысып, ұлттық дәстүр мен өнерді насихаттауда.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ

Қамысты ауданы