АРЛАНМЕН АЛЫСҚАН ӘЖЕМ
«Ауыр атлетикадан әлемдік дода басталды» деген жаңалықты естіп теледидар каналын «Қазспортқа» ауыстырдым. Бізден барған штангист тапал келген, төртпақ қыз екен. Дода болып жатыр. Анау бойжеткеннің бітімі мен қажыр-қайратын көріп әжем айтқан естеліктер ойыма оралып, отырған жерімнен Ақтөбенің Ырғызынан бір-ақ шықтым. Әжем екеуміз таңғы шай ішіп отырмыз. Шай үстінде өзінің өмір жолын баяндап отыратын әжемді ұйып тыңдап отырмын. Деседе, көбіне сол әңгіменің тиегін мен бастап беретін сияқтымын. Бүгінгі әңгіменің басталуына менің: – Әже, менің қасқыр алатын итім болса деймін. Қандай ит асырасам болады?- деген сұрағым түрткі бола кетті. – Иій, айналайын, балам, ол құдіреттің атын атама, «итқұс» де. Атын атасаң құлағы елең ете қалады. Барлық жаратылыс ішіндегі құдіреттісі итқұс деп ойлаймын. Мен онымен екі рет бетпе-бет кездескенмін. Құлаған кезіңде қайтып тұра алмайтындай көріп табалайтын жарандарға қарағанда, жылаған кезіңде жасыңды кептіріп тұрған жел артық. Аңның арланымен алыссаң да, тағдырдың арланымен алыссаң да әрқашан қайсар бол, қызым. Бірінші жолы былай кездестім: келін болып түскен кезім еді. Шай қайнатуға ерітетін қар алып келуге ауылдан алысыраққа шықтым. Қолымда сүйреген шанам мен ағаштан ойып жасалған шөміш бар. Есік алдында жатқан жапсар ит те маған ере шыққан. «Жарайды, қасыма серік болсын» деп тәйт деп тиіспеген едім. Үйден екі-үш қыр асып, таза қардап салып кері бұрылдым. Анадай жерде манағы жапсар итімді бөтен бір көкшіл ит талап жатыр екен. Ауылдап жапсардан басқа ит ермеп еді. Мынау қайдан шықты деп алысып жатқан иттерге жақын келдім де: «Тәйт, әрі!» деп жекіп, ағаш шөмішпен көкшіл иттің басынан қойып-қойыпжібердім. Ит қыңсыламады, бірақ құлады. Азудан босаған жапсарым қыңсылап қаша жөнелді. Шанамды сүйретіп мен де кеттім. Ауылға жақындай бергенімде артымнан «балам! балам!» деп дауыстап аттылы ата келе жатыр екен. Бұрылдым да, кідірдім. Сәлем еттім. – Амансың ба, балам? Андағы итқұсты сен бе ұрған? Бір жерің жазым болған жоқ па? Қорықпай оны қалай өлтірдің?- дегенде әлгі көкшіл иттің итқұс екенін біліп, зәрем зәр түбіне кетті. Себебі, мен оны таласып жатқан ит екен деп ойлап едім. Әйтпегенде, итқұсқа жақын бару қайда-а-а? Ал екінші жолы былай кездестім: Бірінші төпелеуден кейін арада көп жыл өткен. Тағы да қыстыгүні. Ырғыздамыз. Балаларымның біреуіне емізулі кезім болатын. Киіз үйдің күнгей бетіне тақап, төрт керегені жайып, жаман-жәутік киіздермен жауып, жаппа тіккеміз де, соған қойларды қамағанбыз. Қойлардың төлдеуіне жақын қалды. Түн ортасы ауған шақта бала оянып, бесікке асылып емізіп отырып құлақ түрсем, қойлардың бірдеңеден үріккендей тұяқ дыбыстары тасырлап естіледі. Бала қайта үйқыға кеткен бойда, камзолымды кидім де, дыбысымды шығармай ақырындап жаппаның ашықжерінен қарасам, қойларым топтасып бір жерде ұйлығып тұр да, ортада жаппаның ашығына қарап бір итқұс жатыр екен. Бұл құдіреттің бір қасиеті – жалтақтап артына қарай бермейтіні. Өзі сол жаппаға қай жерден кірсе, сол жерге қарап, дұшпанды да сол жерден келеді деп күтетіні. Бұл күту ұзаққа созылмайды, сірә. «Осы аз қана уақытты пайдаланып, итқұстың артқы жағына өтіп алуым керек» деп шештім де, қойлардың арасымен өтіп итқұстың артқы жағынан келе құлағына жармастым. Жармастым да тұмсығын жерге қарай тықпақ болып төменге басып жатырмын. Азулы арлан әйелге күш бере ме, арылдаған даусының өзі жүрегімді жарып барады. Қозы кезінен қолында өскен қойларыңды қорқамын деп итқұсқа жем ете алмайсың ғой. «Неде болса» деп, құлақтан жібермей жармасқан күйі тұмсығын жерге тықтым. Арылдаған ащы дауыстан адамдар оянып, жаппаға қарай жапырылсын кеп. Бірнеше ер адам арланның ту сыртынан келіп басып, байлап алып кетті. Көрші шешейлер мені үйге әрең кіргізді, аяқ-қолымтартылып, жағым қарысып қалған екен. Қарысқан саусақтарды ашу өте қиын. Атыөшкір деген шоқ қысқыш шымшуырға салып саусақтарымды әрең ашып, су сұрасам сүт беріп бәйек болған енем: – Ай, балам-ай, ажалға бұлай да бетпе-бет барармысың? Құдай бұл жолы сақтап қалды. Келесіде бұлай етпе!-деп еді.
ҚЫЗЫЛҚҰМДА АУЫЛЫМ
Пластмасса – ғылыми тілге қатыстырмай, қарапайым айтқанда «ақылдың жоғары деңгейімен ойлап табылған ерекше зат». Жеңіл, жолға алып жүруге ыңғайлы, сынбайды. Мен 5-6 жастамын. Менен 2 жас үлкен ағам екеуміз «жәндік аулап» келмек болып жоспарладық. «Ол үшін бізге азық керек болады» деп он шақты жертүйнек (картоп) пен сіріңке алып, шағыл төбелерге қарай бет алдық. Межелі жерге жеткен сон от жағып жертүйнектерді шоққа көміп тастап, күйе-күйе болсада отқа піскен жертүйнек дәмді болады ғой, тамсанып жеп аламыз да, оттың орнын әжеміздің ақылын есімізге алып құммен жақсылап көміп кетеміз.Ағам бір батпақ, бір айқұлақ ұстады. Батпақ деген құмнан өң-түсі айырылмайтын, құмға батып жататын кесірткенің ең кіші түрі. Ұзындығы 5~6 сантиметр. Айқұлақ болса кесірткіден сәл үлкен, 10~12 сантиметр келеді. 3~4 сантиметр биікте көтеріліп жүреді. Тістері бар. Аузын арандай ашып, күп-күлгін айқұлағы басының екі жағынан күнқағардай жайылып тұрады. Басы – жалпақ, өзі тарғыл сары келеді. Құйрығының ұшын ұлуша иіріп алатын. Ағам екеуінің де мойынына жіп байлады. Батпақтың жібін маған беріп, айқұлақты өзіне қалдырды. – Енді екеуін төбелестіреміз. Мен бірден көңілсіздендім. Себебі, бетпақ жеңіледі. Оны айқұлақ жеп қояды. – Мұның жөн емес. Төбелестіретін болған соң, маған да айқұлақ ұстап беруің керек еді. Ол келіспегендей басын шайқады. Соған қарағанда, ол өзі жеңіске жету үшін осылай еткен. – Жәндік аулау оңай емес. Айқұлақ сирек кездеседі. Көрінген күннік өзінде айқұлақты қуып жету үшін өзіндей жылдам жорға болуың керек. Ол батпақ құсап «бат, бат! бат, бат!» десең құмға бата қоймайды. Керісінше, жолатпай айбат шегеді. Батыл болсаң қана айқұлақты ұстай аласың. Саған мына батпақты да мен ұстап бердім ғой тағы. Көңілім түсіп, «өзің жәндік аулай алмаған соң күнің осы» деп ойланып кетіппін. Ағам мәз болып күліп жатыр екен. Қарасам, ағамның айқұлағы менің батпағымды жеп, жеңіске жетіп жатыр екен. Ызаландым да, ағама жалма-жан: – Әдейі жегіздің, -дедім, -Ең болмаса кесіртке немесе ешкіемер ұстап берші. Батпақтан үлкенірек қой. Сәл де болса алысар. – Жалынба. Өзің аулап үйрен. Мен кесірткенің соңына түсіп, «бат! бат!» деп жүріп құмға батып жатқан жерінен қорыққаннан ба білмеймін, құйрығынан ұстадым да, «Қана-а-а-т!» деп айхайлай бастадым. Жүгіріп жетті де: – Мойынынан ұстау керек еді. Мынауың не? Бұлардың құйрығы қайтадан өседі. Сол үшін құйрығынан ұстасаң үзіп тастап қашып кете береді. Қарасам, қолымда кесіртке емес, тек құйрығы қана қалыпты. Оған дейін де шамамның жеткеніне қарай, үнемі батпақ ұстап, ағамның айқұлағына батпақтарды жем етіп жүретінмін. Мен де айқұлақ ұстап жеңіске жеткім келетін. Бірақ, шамам келмеді. Біздің Қызылқұмның балаларының ойын, ермегі осылай өтіп жатушы еді. Сондықтан, айқұлақ, батпақтардың жайы жер жаннатында туған сіздер үшін бейтаныс болуы мүмкін. Кесіртке, ешкіемерден тыс, бізде кесел бар. Кесірі тиу, кеселді деген сөздің бәрі содан шыққан. Өзі бұзаудай. Оны бізден басқа кейбір өңірде кесел деп емес, келес деп айтады. Ол ысылдап, алыстан көрінсек айбат шегіп, ісініп үлкен болып кетеді. Ұстатпайды. Оған ешкім де тиіскен емес. Етін жемейтін, сүтін ішпейтін болған соң, адамдар оны аулап қайтсін?! – Көрдің бе? Анау жатқан жарық шелекті алып келші. Асымызды соған салып отқа қоямыз. Жертүйнегіміз күйе болмай таза піседі. Жегенде өзіміз де күйе болмаймыз. Мен айтқанын тыңдап шелекті алып келдім. Айқұлаққа батпақты жегізіп болып, енді тамақтануға келсек, шоқтың ортасында шелегіміз қисайып жатыр. Шіркін, білсек ші, манағы шелек пластмасса екен. Ол кездері пластмассаның қатарында қаламның сырты, тіс пастасы сияқты бірен-саран заттар болмаса, қолданыстағы заттың көбі темірден, ағаштардан жасалатын. Қызық-ау, сонда пластмассадан болған заттың отқа еріп кететінін білмейді екенбіз, сыртын ұстап каучуктай берік көретінбіз. Еңбегіміз еш енді. Тап-таза етіп жейміз деген жертүйнегіміз пластмассамен бірге жанып, көмір болып қалыпты.
Астана қаласы