28 июня, 2025
Рәміздер – рух пен елдіктің белгісі: сарбаздармен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды

Рәміздер – рух пен елдіктің белгісі: сарбаздармен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды

Мемлекеттік рәміздер күніне орай «AMANAT» партиясы  Қостанай облыстық филиалы жанындағы «Miras» өңірлік кеңесінің мүшелері №6697 әскери бөлімінің сарбаздарымен кездесті.

Іс-шараға Қостанай қалалық мәслихатының депутаты Тоты Айтмағанбетова, «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы, «Miras» өңірлік кеңесінің төрағасы Кенжеш Аманова, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Оразалы Жақсанов, сондай-ақ әскери бөлімнің 300-ге жуық сарбазы қатысты.

Кездесу ҚР Мемлекеттік Гимнін бірлесе орындаудан басталды. Одан кейін сарбаздардың салтанатты маршы көрсетілді. Сондай-ақ кездесу барысында мемлекетіміздің негізгі тұғырларының бірі – мемлекеттік рәміздердің маңызы жайында мазмұнды әңгіме өрбіді.

Спикерлер Ту, Елтаңба мен Гимннің әрбір қазақстандық үшін тек ресми нышан ғана емес, елдің егемендігі мен бірлігінің, тәуелсіздігіміздің, бабалар арманының көрінісі екенін атап өтті. «Miras» өңірлік кеңесінің төрағасы Кенжеш Аманова жастарға арнаған сөзінде:

            «Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – бұл жай ғана талап емес, бұл әр азаматтың жүрегіндегі елге деген сүйіспеншіліктің, рухтың, сенімнің белгісі. Біз Туға қарап – елді, Елтаңбаға қарап – тарихты, ал Гимнді тыңдап – рухты сезінеміз», – деп ерекше тебіреніспен айтты.

Сарбаздар өз кезегінде рәміздерге деген құрметтерін білдіріп, белсенділік танытты. Олар үшін бұл кездесу патриоттық сезімді күшейтетін, елге адал қызмет етуге серт берген әрбір сарбаз үшін үлкен рухани серпіліс болды.  Сонымен қатар, рәміздерге байланысты тарихи мәліметтер, олардың авторлары мен идеялық мазмұны жөнінде тың ақпараттар айтылып, патриоттық тәрбие сағатының үлгісі көрсетілді.

 

Тимур ШАГИРОВ

Сабина КЕНЕСБАЕВА

ҚӨУ студенттері