Қызыққа толы бәйге: тұлпарларымыз дүбірлі додаға дайын ба?

Қызыққа толы бәйге: тұлпарларымыз дүбірлі додаға дайын ба?

Заречный ауылындағы «Арғымақ» ипподромына жиналған көрермендердің қарасы әуелдегіден ерекше қалың.  Қостанай жылқы тұқымдары арасындағы тартысты бәйгеде қос жүлде иегерлерінің жеңістеріне куә болды. Жітіқаралық Тахминаға аламанда тең келер тұлпар болған жоқ. Сөйтіп ат иесі Қадырбек Тоқмурзин екі бірдей жүлдені қанжығасына байлады.

Жітіқаралықтың бір тұлпары аламанда бас бәйгені, екінші аты үшінші орынды иеленді. Ал қамыстылық Либерия екінші орын алды. Аламанның бас жүлдесі –  үш миллион теңге. Бір ғажабы осы Тахмина жиырма шақырым бойы өзімен қатар шапқан он бес жануардан оқ бойы озық отырды.

Жеті шақырымдық ұшқыр бәйгеде де Жітақара мен Қамысты тұлпарларының тамаша тартысын көрдік. Осы жолы Қамыстының Сарма атты тұлпары Қадырбек Тоқмурзиннің Фантастигінен озып кетті. Бұл қашықтықтағы жүлдегерлердің арасында керемет сенсация тіркелгенін айта кету керек. Жасминаны тізгіндеген жеті жасар Нұрәли Ернарұлы мәре сызығын үшінші кесті.

Нұрәли биыл ғана Заречный ауылында мектеп табалдырығын аттаған. Дей тұрғанмен, аз уақыттың ішінде жергілікті Ұлттық спорт мектебінің сүйікті шәкіртіне айнала білді. Болайын деп тұрған атұстарын Ернар Жанғалиұлы үш жасынан атқа мінгізіп үйреткен.

 «Үйіміз ипподромға жақын маңда болғасын, есігіміздің алдынан аттар көп өтетін. Оны көрген баламның делебесі қозып, тілі шыға сала “ат-ат” деп ентігетін болды. Содан баламыздың қалауын орындап, ат ұстайтын болдым. Қазір екі жыл болды кәдімгідей айналыса бастадым. Бірнеше рет аттан құлаған кездері де болды. Атқа мінбей қалғанның өзінде есік алдындағы ер тоқымның үстіне отырып алып, дайындалып жатқанын көріп тамашалаймыз. Осыған дейін майып болар деп шапқызбай жүрдім. Жақында бапкері рұқсат алып, келісімімді бердім», – дейді Ернар Сәрсенбай.

Осы жарыста бір шабандоз екі қашықтықта шауып, жүлдегер атанды. Ер бала болса, олай дабыра қылмас едік. Қос бірдей жүлденің иесі Ұлттық спорт мектебінің жаттықтырушысы Айсара Ерденова. Айсара Оразқызы тізгіндеген Гаухартас пен Береке 2800, 3200 метрде үшінші орын алды.

Айсараның анасы Жаңыл Ахметова да ұлттық спорттан алыс емес. Осы Қостанай ауданының балаларын тоғызқұмалақтан жарыстарға дайындап келе жатқан білікті маман.

 «Қазақта әдемі сөз бар. «Баласы атқа шапса, тақымын қысар» дейді. Сол құсап, әр сенбі сайын ипподромға келуді әдетке айналдырдық. Жалпы осы ұлттық спорт әулетімізге сіңген ғадет. Екі мыңыншы жылдары осы дәстүрді солтүстік өлкеде дамыту үшін оңтүстіктен жолдамамен қоныс аудардық. Жолдасым Оразқожа Сейдахметов осындағы алғаш спортына елеулі үлес қоқан азамат. Қазір ұл-қыздарымның барлығы дерлік осы спорттың басы-қасында», – дейді Жаңыл Ахметова.

Ұлттық спорт қауымдастығының өкілдері өңірге арнайы елордадан ат басын бұрып,  осындай тамаша көңіл күй сыйлауы бекер емес. Алда әлі де Қостанай жұртын керемет тосынсыйлар күтіп тұр. Тактика, Самғау сынды арғымақтардың мерейі бұл жолы да үстем болды. Осы жолы екінші келген Гүлжайна мен Мамырдың жеңімпаз атанар күні жақын. Бұл жерде Ұлттық спорт мектебінен шыққан Мария Кариеваны да атап өту керек.

Марияның орыс ұлтынан, әйтсе де жаны қазақ болып кеткен. Аттың құлағында ойнайтын бойжеткен Берік Әміровтің қол астында жаттығады. Осы жарыста Тактика атты тұлпарды тізгіндеп, 1600 метрлік қашықтықта алдына дес бермеді.

Жарыс болғасын кемшіліктер де болып тұратыны заңдылық. Бұл бәйге қатысушылардың аздығымен ерекшеленді. Мысалы, 2800 метрлік ұшқыр бәйгеге дайындалған алты аттың, төртеуі ғана жарыс алаңына шықты. Жеті шақырымға тоғыз ат шапты. Аламанға түскен он алты сәйгүліктің тоғызы мәреге дейін жарысты тоқтатты.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу