Қырғыз ағайындар Қостанайға көмек алып келді

Қырғыз ағайындар Қостанайға көмек алып келді

Қырғыз Президенті Садыр Жапаров Қазақстанда болып жатқан жағдайға байланысты төрт облысқа гуманитарлық көмек жіберуді ұйғарыпты. Гуманитарлық көмектің бір бөлігі  бүгін Қостанайға келіп жетті.

Қырғызстан Республикасы ТЖМ тыл басқармасының қару-жарақ және техника бөлімінің аға офицері Мырзат Медетқанов Бішкек қаласынан Қостанайға үш тәулікте жеткенін айтып отыр.

«Қырғызстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен Қазақстанда болып жатқын жағдайға байланысты көмек көрсету мақсатымен төрт бағытта үш жүз тоннаға жақын  жүк жіберілді. Алғашқы бағыт бойынша Қостанайға  қырық тонна жүк әкеліп жатырмыз. Атырау, Ақтөбе, Орал қалаларына да жөнелтілді. Бір-екі күнде ол жақтарға да жетіп қалады деген ойдамыз. Бішкек қаласынан қостанайға дейін 2500 шақырымды артқа тастап, үш тәулікте келіп жеттік», – дейді Мырзат Медетқанов.

Осылайша, Қырғызстан Республикасынан қырық тонна жүк тиелген  үш фура келді.

Онда негізінен азық-түлік пен тұрмысқа қажетті заттар бар.

 

«Қостанайда екі  гуманитарлық көмек қабылдау пункті ашылды. Екі тәуліктен бері   жан-жақтан отыз тонна көмек келіп түсті. Олардың дені – су тасқынына қажетті құрал- саймандар. Уақытында барлығы қажетті жерлеріне таратылды. Эвакуациялық пунктте жатқан адамдарға да қажетті заттар мен азық-түлік өнімдері үлестіріліп жатыр. Сырттан бұған дейін Астана қаласы мен Жамбыл облысының Меркі ауданынан көмек келгенін білесіздер. Жалпы бізде жеке адамдар да  эвакуациялық  пункт ашқанын көріп отырмыз. Соларға ниет танытқан халық Лисаков, Қостанай қалаларынан  өз көмектерін алып келіп жатыр», – дейді облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали.

Облыс бойынша бұл шараларға үш жарым мың ерікті атсалысып жатқанын айта кетейік.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков 

Жаңалықтармен бөлісу