Қылмыскерлер кірістерін заңдастыру үшін жеке тұлғаларды пайдаланып келген

Қылмыскерлер кірістерін заңдастыру үшін жеке тұлғаларды пайдаланып келген

Дроптар – банк карталары мен шоттарды рәсімдеу үшін қолданылатын жалған тұлғалар. Қаржылық мониторингагенттігі қылмыстық кірістерді заңдастыру мақсатында 6,2 мың «дроп-карталардың» пайдаланылғанын анықтады. Бұл карталар арқылы айналымның жалпы сомасы 24 миллиард теңгеге жетті.

Интернет-банкингке қашықтан қол жеткізу үшін кәсіби жылыстаушылар үшінші тұлғаларға тіркелген байланыс операторларының SIM-карталарын пайдаланған.

Көбінесе «дроп-карталар» есірткі саудасы, кибералаяқтық, заңсыз құмар ойындар және басқа да қылмыстық әрекеттерге байланысты схемаларда қолданылған.

Іс жүзінде «дроптар» деп аталатындар халықтың осал топтарына жататын адамдар болды (жұмыссыздар, студенттер, зейнеткерлер және басқалар), олар қылмыстық схемалардағы рөлдерінің барлық салдарын түсінбейді.

Мұндай карталардың иелерінің 90%-дан астамы резидент емес тұлғалар болған. Олар туралы ақпарат шетелдік мемлекеттердің құқық қорғау органдарына берілді.

Мұндай заңсыз әрекеттерді болдырмау үшін Қаржылық мониторинг агенттігі уәкілетті органдармен бірлесіп келесі шараларды қабылдады:

– банктік карталарды үшінші тұлғаларға беру үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер бастамашылық етілді;

– күдікті шоттардағы қаражатты «тоқтату» және қашықтықтан банктік қызмет көрсетуді өшіру механизмі енгізілді;

– бір клиентке берілетін банктік карталардың санын шектеу және 10 немесе одан да көп карталары бар клиенттерге тексерістер күшейтілді;

– күдікті операцияларды анықтау және күмәнді клиенттерді қаржы мониторингінің субъектілерінің қызметтерінен ажырату үшін типологиялар әзірленді.

“Құрметті азаматтар, Қаржылық мониторинг агенттігі банктік карталар мен шоттарды пайдалану арқылы заңсыз схемаларға қатысқаны үшін жауапкершілікке тартылу қаупі бар екенін ескертеді. Күмәнді қаржылық операцияларға қатысудан сақ болуға шақырамыз. Егер сізге қаражат аударғаныңыз үшін жеңіл табыс ұсынса, бұл қылмыстық схеманың бөлігі болуы мүмкін. Мұндай жағдайларда барлық байланыстарды тоқтатып, құқық қорғау органдарына хабарлауыңыз қажет. Сіздің сақтығыңыз бен мұқияттылығыңыз – елдің қаржылық қауіпсіздігінің кепілі”, – деп ескертеді  ҚР ҚМА Баспасөз қызметі.

Жаңалықтармен бөлісу