Құзырлы орган өкілдеріне тұрғындарды өрттен сақтаныру жұмысын күшейту тапсырылды

Құзырлы орган өкілдеріне тұрғындарды өрттен сақтаныру жұмысын күшейту тапсырылды

Жылу маусымы басталғалы бері облыста 72 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,9 есеге көп.

Көп жағдайда өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау апатқа ұрындырып жатады. Өкінішке қарай, өрттен биылдыққа жеті адам көз жұмды. Оның бесеуі бала.  Облыстық ТЖД бастығы Дамир  Ермағамбетовтың  айтуынша,  өрттің  салдарынан кісі өлімінің көбеюі жанып жатқан пешті, үйде  балаларды  қараусыз қалдырудан туындайды.  Төсекте мас күйінде темекі шегу де келеңсіз жайтқа ұрындыратыны белгілі. Мәселен, жақында Жітіқарада, Аманкелді ауданында осындай қайғылы жағдай тіркелді.

“Бүгінгі таңда барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеулер жүргізіліп жатыр. Кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Көміртегі тотығымен уланудан  төрт адам қайтыс болды. Оның үшеуі бала. Тағы үш  адам жарақат алды. Өрттің шығу себебі – пешті орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі өрескел бұзылған.  Мұндай жағдайды болдырмау үшін барлық жұмысты жалғастырамыз және  біздің  ерекше бақылауымызда болады”, – дейді ТЖД бастығы.

Облыс әкімі барлық құзырлы орган өкілдеріне тұрғындарды өрттен сақтаныру жұмысын күшейту қажеттігін ескертті.

“Аудан, қала әкімдеріне ТЖБ, полиция қызметкерлерімен бірге тұрғын үй алаптарын аралап, мұқият тексеруді тапсырамын. Әрине, өртті болдырмау тұрғындардың өздеріне де көп байланысты. Сондықтан, жылыту көздерінен сәл ақау шықсау, тиісті орындарға хабарласуға үндеймін. Балаларды үйде жалғыз қалдырмаңыздар”, – деді өңір басшысы.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу