Құтқарушылар құрметке бөленді

Құтқарушылар құрметке бөленді

«Amanat» партиясы жанындағы “Жастар Рухы” жастар қанаты ұйымы “Qaisar” әскери-патриоттық жобасын қолға алды. Жастар арасында патриотизмді оятып, әскери қызметтен жалтару үрдісін жою жолында келешекке үлгі көрсетіп жүр. Бұл жолы мектеп оқушылары үшін құтқарушылар күніне орай экскурсия ұйымдастырды.

Іс-шараға Бауыржан Момышұлы атындағы № 5 жалпы білім беретін мектептің 8 сынып оқушылары қатыстырылды. Олар өрт сөндіруші, полиция қызметкерлері мен дәрігерлердің жұмыстарымен танысып, әр саланың өзіндік ерекшеліктерін байқағандай әсерде болды.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев құтқарушылардың атқаратын істерінің маңыздылығын, төтенше жағдайлар қызметкерлері әртүрлі қиыншылыққа төтеп беріп, өз істерін абыроймен атқарып келе жатқанын айтты.

“Құтқарушылар қауіпті қызмет атқарып, кез келген жағдайдың алдын алып, зардабын жоюға мол күш жұмсайды, бұл намыс пен қайраттың, ерлік пен батылдықтың белгісі. Сіздерге Отан алдында өз борыштарыңызды өтеудегі кәсіби шеберліктеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз”, – деді Ринат Зәкиұлы.

Азаматтық қорғау органдарында оң имидж қалыптастырып, еліміздің тыныштығы үшін аянбай тер төгіп жүрген азаматтарымызды облыс әкімінің атынан марапаттады.

ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал майор Сырым Дүйсенғазыұлының:

“Қазіргі таңда құтқару қызметінің рөлі бірнеше сатыға артып келеді. Адамдар мен аумақтардың тіршілігін, қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрқашан мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл мамандық сұранысқа ие, қажетті мамандық”,– делінген құттықтау хаты оқылды.

Диана БАТЫРБЕК

Суреттерді түсірген Бейбіт Мейрамұлы

 

 

Жаңалықтармен бөлісу