Қазақ күресінен Ахаңды еске алуға арналған республикалық  турнир басталды

Қазақ күресінен Ахаңды еске алуға арналған республикалық турнир басталды

Қостанайда алғаш рет қазақ күресінен Ахмет Байтұрсынұлын еске алуға арналған республикалық турнир ұйымдастырылды. Жарысқа өңірімізбен қатар 8 облыстан жүзден астам балуан қатысып жатыр.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жарыс рейтингтік турнирлер қатарына еніп отыр. Күрес екі күнге жоспарланған. Алғашы күні балуандар іріктеліп, ақтық сынға жолдама алғандар ертең  күреседі. Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде облыс әкімінің орынбасары, облыстық Қазақ күресі федерациясының президенті Ринат Мұхаметқалиев сөз сөйледі.

– Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық қазақ күресі турнирі биылдан бастап рейтингтік сайыстар қатарына енді. Жалпы, өңірде қазақ күресі кеңінен дамыған. Спортшылардың дайындалуына жан-жақты жағдай жасалған. Қала мен аудан, ауылдарда күрес үйірмелері бар. Спорт –мінездің де тәрбиесі. Қазақтың жас жігіттері қазақ күресімен көптеп шұғылданғаны қуантады, – деді Р.Зәкиұлы.

Qazaq Kuresi Ассоциациясының атқарушы директоры Дамир Бекбосыновтың айтуынша, бұл жарыс былтыр өтуі керек болған.  Әулиекөл ауданындағы орман өртінің салдарынан кейінге шегерілген.

– Ересектер арасындағы респубилкалық турнир Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлын еске алуға арналып отыр. Турнирді жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырамыз. Қазір уақытта облыстардың басым бөлігі Қазақстан чемпионатына дайындалу үстінде, сол себепті өзге өңірлерден қатысушылар келе алмады. Келер жылы барлық облыс қатысады деп үміттенеміз, – деді Дамир Бекбосынов.

Арсен Рахметолла –Астана қаласынан келген балуан. Спорт шеберлігіне үміткер 60 келі салмақ дәрежесінде күреседі.

 

– Бұл турнир менің алда қатысатын жарыстарыма жол ашады. Өйткені, балуандардың рейтингіне әсер етеді. Қазақ күресімен шұғылданып жүргеніме он жылдың жүзі болды. Дайындық жақсы, – дейді жас балуан.

 

Балуандар бұл жарыста 4 салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Жалпы жүлде қоры – 1110000 теңге.

 

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу