Әулиекөл ауданының тұрғыны құс фермасын ашты

Әулиекөл ауданының тұрғыны құс фермасын ашты

Облыстың түкпір-түкпіріндегі кәсіпкерлер “Ауыл аманаты” бағдарламасының жемісін көріп отыр. Солардың бірі – Әулиекөл ауданына қарасты Чернигов ауылының тұрғыны Тахир Сапаев.

Ол бұған дейін малға жем-азық әзірлеу кәсібімен шұғылданатын әкесіне көмектесетін, яғни өзін-өзі жұмыс қамтып отырған. “Ауыл аманаты” бағдарламасын естіген Тахир “Сапаев” ЖК ашып, жұмыртқа өндіру кәсібін ашуға бел байлады.  Кәсіпкер  өткен жылы “Тобыл ” ӘКК” АҚ-ға өтініш беріп,  жеті жылға  8 600 000 теңге несие алған еді.  Қаражат 1200 тауық сатып алуға, сондай-ақ, бизнесті жүргізу үшін негізгі және айналым қаражатын сатып алуға жұмсалды.

Жақында ол  1200 бас құс әкелді. Тауықтарды ұстауға арналған қора-қопсы шаруашылықты тиімді жүргізу үшін қажетті жабдықтармен толық қамтылған.

–Күніне 400-дей жұмыртқа аламыз. Дайын өнімді Қостанайдағы сауда орындарына әкеліп сатамыз. Бір жұмыртқаның құны 50 теңгеден  аспайды. Одан түсетін күнделікті табыс жаман емес, –дейді кәсіпкер.

Бүгінде “Сапаев” ЖК  екі адам ресми түрде жұмысқа алған. Болашақта құстың санын көбейту үшін  инкубациялық жабдықтар сатып алуды жоспарлап отыр.  Сондай-ақ қолдағы  малды инкубациялық цехтан бөлек ұстау үшін бөлек құс-қора салмақ. Келешекте Тахир Сапаев құстың етін де саудаға шығауға пейілді. Әрбір екі жыл сайын ол тауық етін сауда сөрелеріне шығаруға құлшынып отыр.

“Ауыл аманаты” бағдарламасы бизнесті дамытуға, жергілікті халықтың табысын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Осы бағдарламаның арқасында Чернигов сияқты ауылдардың тұрғындары өздерінің бизнес-идеяларын жүзеге асырып, сол арқылы өңірдің экономикалық дамуына өз үлестерін қосуды қалайды.

Әлібек ЫБЫРАЙ

Әулиекөл ауданы

Жаңалықтармен бөлісу