Жылдың алғашқы екі айында барлық салада экономикалық өсім артқан. Мәселен, инвестиция 12,8% -ке, құрылыс жұмыстарының көлемі 9,9%-ке, сауда-8,3%-ке, өнеркәсіптің көлемі-5,8%-ке, көлік қызметтері-4,8%, көтерме саудасы-2,2%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 2,1%-ке өскен.
Бұл туралы облыстың қаңтар-ақпан айларындағы әлеуметтік- экономикалық даму көрсеткішіне арналған кеңесте облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлбарам Мұсағазина айтты.
Г.Мұсағазинаның айтуынша, 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 422,1млрд теңгенің өнімдерін өндірген. Оның 117,8 млрд теңгесі тау-кен өндіру секторына тиесілі. Өңдеу секторының табысы 286,5млрд теңге. Тау-кен өндіру секторында өндіріс көлемі айтарлықтай өскен. Ал өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің өсімі негізінен машина жасау, металлургия өндірісі және сусындардың есібінен ұлғайып отыр.
Өңдеу өнімінің өндірісі Б. Майлин атындағы, Жітіқара аудандарында және Арқалық қаласында жоғары көрсеткішке ие. Дегенмен, Лисаков қаласында “Дон Мар” кәсіпорны қағаз бұйымдары өндірісінің төмендеуіне байланысты өндіріс көлемін қысқартты. Әулиекөл ауданында тепловоздарды жөндеу көлемінің едәуір төмендеді. Ұзынкөл ауданында нан, ұн өндірісі азайған. Мендіқарада сары май, сүт өнімдері өндірісінің көрсеткіші төмен. Денисов ауданында ұн өндірісінің төмендеуіне байланысты өндіріс көлемі айтарлықтай қысқарды. Ет,сүт, жұмыртқа сияқты мал мен құс өнімдерінің азаюуына байланысты Ұзынкөл, Жітіқара, Алтынсарин, Қарабалық, Б. Майлин, Қарасу, Денисов тәрізді жеті ауданда көрсеткіш көп-көрім төмендеп кеткен.
“Облыс экономикасындағы жеке инвестициялардың өсу қарқыны 27,2%-ке өсті. Яғни, екі айдың ішінде 74,1 млрд теңге тартылды. Келешекте 2,6 трлн астам теңгеге 58 жобадан тұратын пул қалыптастырылды. Сонда 10,6 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрылады. Пул үнемі жаңартылып, толықтырылып отырады. Өңірлік бөліністе жеке инвестициялар бойынша Арқалық, Лисаков және останай қалалары, аудандар арасында Жанкелдин, Меңдіқара және Жітіқара оң нәтижеге қол жеткізген. Керісінше Сарыкөл, Аманкелді, Науырзым, Денисов аудандарының ахуалы төмен”, – деді басқарма басшысы Гүлбарам Мұсағазина.
Айтуынша, Алтынсарин, Аманкелді, Жанкелдин, Қамысты, Науырзым, Сарыкөл Ұзынкөл тәрізді кей өңірде бірде-бір құрылыс жұмыстары жүргізілмеген. Жалпы, қаңтар-ақпан айларында облыста 106,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ке артық. 22,0% тұрғын үйді халықтың өзі салған. Тұрғын үй салу жөнінен облыстың он бір ауданы озық тұр. Керісінше, Алтынсарин, Жітіқара, Сарыкөл аудандары мен Арқалық қаласында тұрғын үй құрылысының қарқыны баяу. Жанкелдин, Қамысты аудандарында осы аралықта үй салынбапты. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов сын айтылған аудан, қала басшыларына айтылған сыннан қорытынды шығару керектігін ескертті.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ