Елдікті нығайтып, бірлікті бекемдеу мақсатымен мемлекет тарихында қайта жаңғырған Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы Бурабай жерінде өткені белгілі. Бұл жиында халықтың көкейінде жүрген көптеген келелі мәселелер қозғалып, тың ойлар ортаға салынды. Әсіресе, жас ұрпақ тәрбиесі, мәдени мұраларды жан-жақты дәріптеу, оқу, білім мәселелері кеңінен талқыланды.
Осы орайда, Қостанай қаласындағы №8 мектептің оқушылары арнайы бас қосып, ұлттық құрылтай тақырыбында баяндамалар жасап, зерттеу жұмыстарын ұсынды. Отырыста жоғары оқу орындарының оқытушы профессорлары да қатысып, өз бағаларын беріп, ойларын ортаға салды.
№8 мектептің тарих пәнінің мұғалімі Зоя Жұмабаеваның айтуынша, мұндай ғылыми-танымдық жиындардың мектеп қабырғасында өтуі оқушылардың елдегі саяси-әлеуметтік өзгерістерге қызығушылығын оятып, ой-өрістерін дамытуға ықпал етеді.
«Бүгін біздің мектебімізде келелі отырыс өтіп жатыр. Оған жоғары сынып оқушылары қатысып, бірнеше бала ұлттық құрылтайға қатысты түрлі зерттеу жұмыстарын көрсетуде. Бұл баланың елде болып жатқан жаңалықтарға назар аударып, пайымдауына жол ашады. Олар әрбір өткен ұлттық құрылтайда қандай мәселе көтерілгенін, олардың қалай жүзеге асып жатқанын, ұлт тәрбиесіне қосар үлесін де талқылап, өз ойларын білдіреді. Мысалы, мектеп оқушысы Мадияр Мырзатаев құрылтайдың шығу тарихы жайында баяндама жасап, тарихта оның ертеден келе жатқанын айтты», – дейді мұғалім.
Тарих ғылымдарының кандидаты Серікжан Исмайлов та оқушылардың бұл бастамасын жоғары бағалады.
«Мектептерде мұндай жиынның өтуі жақсы бастама. Себебі, ұлттық құрылтайда елге қажетті көптеген мәселелер айтылады. Оның жастардың біліп, талқылай білгені жөн. Ұлттық тәрбиені, әрине, кейінге қалдыруға болмайды», – дейді ол.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырдан бері мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы қолға алынғанын, енді оған жалпыұлттық ауқым беру қажеттігін атап өткен еді. Бұл бастама бүгінде жемісін беруде. Құрылтайдың былтырғы отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін 23 ақпан «Ұлттық кітап күні» деп белгіленді. Осы арқылы кітап оқу мәдениетін арттыруға ерекше назар аударылды. Биылғы құрылтайда кітап индустриясына қатысты мемлекеттік бағдарлама қабылдау ұсынылды. Бұл да жастардың білімге деген құштарлығын арттыруға бағытталған маңызды бастама.
Мектеп оқушылары да осы тақырыптарды талқылап, оның маңыздылығына тоқталды. Олар ұлттық құрылтай шешімдерінің қоғам үшін маңыздылығын атап өтіп, өз көзқарастарын білдірді. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақтың патриоттық санасын қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіруге оң ықпал етеді.
Оқушылардың ұлттық құрылтай аясындағы зерттеулері мен талқылаулары көрсеткендей, жастар елдегі маңызды өзгерістер мен реформаларға бей-жай қарамайды. Керісінше, олар өз пікірлерін ашық білдіріп, қоғамдық мәселелерге үн қосуға дайын екендіктерін көрсетті. Мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасып, жастардың білімге, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыра беретіні сөзсіз.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Суреттерді түсірген – Жансая Сәбитбек