Құрылтай – құндылықтар мен қажеттіліктерді түгендеген маңызды мәжіліс

Құрылтай – құндылықтар мен қажеттіліктерді түгендеген маңызды мәжіліс

Төртінші Ұлттық құрылтай отырысы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен 2025 жылғы 14 наурызда Бурабайда өтті. Іс-шара барысында Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, қатысушылар қоғам өмірінің өзекті мәселелерін талқылады.

М.Дулатов атындаңы Қостанай инженерлік-экономикалық университетінде студенттерге Ұлттық құрылтайда айтылған маңызды басымдықтарды түсіндіретін, талқылайтын арнайы іс-шаралар өтуде.  Іс-шаралар легі 28 наурызда басталды. Студенттер арнайы дәрістерде Қазақстанға, өңірімізге қатысты бастамаларды талқылайды.

Үшінші отырыстың қорытындысы бойынша 40 тармақтан тұратын жоспар қабылданып, олардың едәуір бөлігі орындалды. Негізгі бастамалар қатарында:

  • Ұлттық құндылықтарды ілгерілету, соның ішінде «Тәуелсіздік пен Патриотизм», «Бірлік пен Ынтымақтастық», «Әділеттілік пен Жауапкершілік», «Заң мен Тәртіп», «Еңбекқорлық пен Кәсібилік», «Жасампаздық пен Жаңашылдық».
  • Білім беру бағдарламалары: Оқушылардың ұлттық құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған «Біртұтас тәрбие» бірыңғай тәрбие бағдарламасының мектептерге енгізілуі.
  • Заңнамалық шаралар: Әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құмар ойындарға қарсы күрес, вандализммен күрес және вейптерге тыйым салу бойынша заңдардың қабылдануы.

Студенттер осы бастамаларды ерекше айтып өтті. 2025 жылға арналған жоспарлар мен бастамалар да аз емес. Мысалы:

Инфрақұрылымдық жобалар:

  • Астананы Арқалықпен Торғай өңірі мен Ырғыз ауданы арқылы байланыстыратын автожолдың құрылысы басталады. Бұл орталық және батыс өңірлер арасындағы жолды 560 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді.
  • Арқалық әуежайын қалпына келтіру және жаңа аэровокзал кешенін салу жоспарлануда.

Машина жасау саласын дамыту:

  • Қостанай облысының бұл саладағы жетістіктері атап өтілді, атап айтқанда, KIA автомобильдерін шығару жобасы іске асырылуда. Бұл жаңа жұмыс орындарын құруға және инвестиция тартуға ықпал етеді.

Ұлттық құрылтай Қазақстанның дамуына бағытталған негізгі бастамаларды іске асыру мен қоғамдық күн тәртібін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Президент ұлттық бірегейлікті нығайту факторы ретінде тарихи ғылымды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты ол келесі Ұлттық құрылтай отырысын елдің бұрынғы астанасы болған Қызылорда қаласында өткізу туралы ұсыныс жасады, бұл 100 жыл бұрын ел астанасын осы қалаға көшіру туралы шешім қабылданғанын атап өтеді.

Жаңалықтармен бөлісу