16 мая, 2025
Құмар ойынға арбалған жігіт. Зардап шеккен кісінің жан сыры

Құмар ойынға арбалған жігіт. Зардап шеккен кісінің жан сыры

Құмар ойындар – адамзат тарихында ежелден бар құбылыс. Түрлі ойындар мен бәс тігулер адамды қызықтырып, тәуекелге баруға итермелейді. Қазіргі кезде казино, букмекерлік кеңселер, лотереялар және басқа да ойын түрлері кеңінен танымал. Алайда мұндай ойындардың әлеуметтік және психологиялық салдары бар екенін ескеру қажет.

Құмар ойындар көптеген адамдар үшін  – көңіл көтеру мен бос уақытты тиімді өткізу әдісі. Дегенмен ойындарға тәуелділік, яғни құмар ойындарына әуестік, қоғамда маңызды мәселеге айналып отыр. Бір жағынан, құмар ойындар арқылы мемлекетке салық түсімі артып, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Екінші жағынан, ойынға тәуелді адамдардың қаржылық жағдайы нашарлайды, бұл олардың отбасы мен жақындарына кері әсерін тигізеді.

«Құмар ойындарына әуестік психологиялық тәуелділікке алып келуі мүмкін. Мұндай тәуелділік адамның эмоциялық жағдайына, жеке өміріне, жұмысқа қабілеттілігіне кері әсерін тигізеді. Адамда тұрақты түрде жеңіске жету деген үміт пайда болады, бұл оның өмірін бақылаудан шығаруы мүмкін. Құмар ойындарға тәуелді адамдар көбінесе қоғамнан оқшауланып, жақындарымен қарым-қатынасын нашарлатады. Олардың отбасылық және достық қатынастары бұзылады, сондай-ақ қарызға бату жағдайлары жиі кездеседі.Азарт ойындарының тәуелділігінің алдын алу үшін мемлекет түрлі шараларды қолға ала бастады. Кейбір елдерде ойын мекемелеріне кіруге шектеу қойылып, тәуелді адамдарға көмек көрсететін орталықтар ашылған. Сонымен қатар, психологиялық көмек пен арнайы бағдарламалар арқылы адамдарды құмар ойындарының зияны туралы ақпараттандыру маңызды», – дейді Алтын дала ауылындағы Қадыр Кәрімов атындағы жалпы білім беретін мектебінің психолог маманы Меруерт Нұргелдина.

Маманның пайымдауынша, құмар ойындар адамға қысқа мерзімді рақат сыйлағанымен, оның ұзақ мерзімді салдары ауыр болуы мүмкін. Сондықтан ойындарға деген қызығушылықты бақылауда ұстап, өз шекараңызды білген жөн. Құмар ойындарының зиянын түсініп, оның алдын алу арқылы жеке және қоғамдық деңгейде мәселелерді болдырмауға болады.

Бір күні ойда-жоқта қала орталығынан келе жатып, елге сыйлы, өз ортасында беделді бір ағамызды көріп қалдым. Ағай өте сауатты, сыйлы да өзін сыйлата білетін кісі болып бізге көрінетін. Көрдім де өз көзіме сене алмай, жол ортасында тұрып қалдым. Сасқанымнан:

— Берікболсын аға, ауырып тұрсыз ба? – деп сұрадым.

Өңі өте жүдеу, киімі жұпыны, тұрқы қалжыраған, бойы да еңкіш тартқандай көрінді маған. Бұрын кездескен кезде хал-жағдайымызды сұрап, оқуымызды қадағалап, ақыл айтып тұратын ағаның осы жолғы кескін-келбетінен шошып кеттім.

— Қалқам, ағаңнан шошынып тұрсың ғой, – деді. – Ағаң қазір біткен, бұрынғы ағаң емес.

— Неге олай дейсіз? – дедім.

— Мен қазір құмар ойынға салынған, елдегі жетесіз ұлға айналдым. Осы жолға қалай түскенімді есіме алсам, жан күйзелісіне тап боламын, қалқам. Әуелде қызық көрінді, кейін қоярмын деп ойладым. Жолдастарымның көңілін қимай, жетегіне еріп, өзімнің кім екенімді ұмытып, ақыры үйден де, әйелден де, бала-шағадан да айырылып, дүбәра мақұлық болып далада қаңғырып қалдым, қарындасым… – деді.

Менде ешқандай ауру жоқ, – деп, өксігін баса алмай, отыра қалып жылап жіберді.

— Қалқам, мені көргеніңді ешкімге айта көрмеші, – деп кете барды.

Сол сәтте менің де жүрегім шаншып өткендей болды. Ағайдың көз жасы қапа болған жан жарының, ұл-қыздарының жүректерін жібіте алар ма? Үй-күйсіз қалған жандардың емін қайдан іздейді? Қиын сұрақ…

Біздің елімізде де құмар ойындардан жапа шеккен жандар жетерлік. Шерхан Мұртаза айтқандай, «Бір кем дүние».

Міне, Құмар ойындары көптеген адамдар үшін қызықты хобби болғанымен, оның теріс салдары да айқын көрініс табады. Сауалнама нәтижелері бойынша, қоғам құмар ойындарына сақтықпен қарап, оның ықтимал тәуелділікке әкелетін қауіптерін жақсы түсінеді. Осыған орай, жауапты ойын саясатын ұстану және тәуелділіктің алдын алу шараларын күшейту маңызды болып отыр.

Диана Алмасқызы

ҚӨУ 3 курс студенті

Қостанай ауданы

Фото