Құмар Ақсақалов: “Жол құрылысын қаржыландыру жөнінен көш бастап келеміз”

Құмар Ақсақалов: “Жол құрылысын қаржыландыру жөнінен көш бастап келеміз”

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Денисов ауданына жасаған іссапары барысында жергілікті халықпен кездесу өткізді.

Қалыптасқан формат бойынша, әуелі аудан басшысы Руслан Қатбаевтың есебі тыңдалды. Ол облыс әкімі және тұрғындар алдындағы баяндамасында соңғы алты айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне шолу жасап, алға қойылған мақсат-міндеттерге тоқталды.

            “Ауданымыздың басты қуаты саналатын ауыл шаруашылығының есепті кезеңдегі табысы 2,8 млрд теңгеге тең болды, – деп бастады есебін аудан әкімі.– “Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында 127 млн теңгеге өтінім құжаттары дайындалды. Бұлардың басым бөлігі жылқы шаруашылығымен айналысқысы келетін кәсіпкерлер тарапынан ұсынылды. Жыл басынан бері көптеген ірілі-ұсақты кәсіпорын ашылып, бірнеше ауылда жұмыс орындары құрылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жылма-жыл ұлғая бермек”.

Ауданда жаңадан ирригациялық жүйе, астық қоймасы салынады. Греченка, Приречен, Окраинка, Аршалы, Георгиев, Глебов, Жалтыркөл, Архангель ауылдарына сапалы ауыз су жетеді. Осы арқылы аудандағы елді мекендерді сумен қамту мәселесі 100 пайызға шешілмек. Бұл өңірде 17 ауыл көгілдір отын игілігін көріп отыр. Зор көңіл шекара шебіндегі ауылдарға бөлінеді. Газ тарату желілерін Зааят, Аршалы ауылдарына орнату үшін 816 млн теңге бағытталған. Аталған екі жоба іске асса, ауданды газдандыру көрсеткіші 71%-дан артып түспек. Жол жөндеу, жарықтандыру, абаттандыру, интернетпен қамту жұмыстары да жоспарға сай жүріп жатқаны баяндалды.

“Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында әкімдік пен кәсіпкерлер арасында 720 млн теңгеге 155 меморандум жасалды. Оның 220 млн теңгесі осы жылы игеріледі. Приречен, Красноармейский ауылдық округтерінде тұрғын үйлер салынады. Спорт алаңдары құрылады, саябақтар пайда болады, жөндеу, қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіледі”, – дейді Р.Қатбаев.

Аудан басшысы сан салада атқарылып жатқан жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды. “Таза Қазақстан” акциясының барысы туралы, әлеуметтік нысандардың жөндеуі мен күтім-бабы жөнінде ақпарат берді. Осыдан соң Денисов ауылдық округінің әкіміне, аудандағы қуатты шаруашылықтардың бірі “Колос” ЖШС басшылығына және аудандық ІІБ бастығына сөз берілді. Олардың да әрқайсысы жыл басынан бері атқарған жұмыстары мен нәжижелерін жіпке тізгендей баяндап шықты.

Ізінше негізгі әрі түйінді сөзді облыс әкімі өзі алып, жалпы облыстағы ахуалдан кең ауқымды мағлұмат ұсынды. Басты макроэкономикалық көрсеткіштерді жіктеп, салалап түсіндіріп, қолға алынған алпауыт жобалардың іске асу барысынан елді тағы бір құлағдар ете өтті. Олардың қатарында, әлбетте, Қостанай мен Ақтөбенің аралығын жалғайтын магистральді газ желісінің құрылысынан бастап, салынып жатқан ірі зауыттар, алып кәсіпорындар, қанат жая түскен фирмалар, басқа да көптеген қуатты индустриялық нысандар бар. Облыс әкімі ауыл-аймақты дамытуға ерекше екпін салынып отырғаны жөнінде көбірек ақпарат ұсынды.

            “Биыл ауылдарды абаттандыру және дамытуға 100 млрд теңге бөлінді. Бұл – былтырғыдан әлдеқайда артық сома. Ауылдарды сумен қамту бағытындағы 91 жобаны іске асыру үшін 21 млрд теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 15 ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылады, 36 ауылға су тазарту және су тарату пункттері орнатылады, алты ауылда су сапасы қайта жақсартылады. 2026 жылға дейін облыстың барлық елді мекені 4G интернетімен жүз пайыз қамтылады”, – деді облыс әкімі баяндамасында.

Өңір басшысының айтуынша, жол құрылысына және оны жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарына қаржы бөлу жылма-жыл еселеніп келеді. Осы салаға көп қаражат құю жағынан біздің облыс республикада көш бастап тұр. Мәселен, биыл 36,6 млрд теңге қарастырылған. Басқа облыстар бұл соманы маңайламайды. Қош, осы жылғы меже – 1200 км жолды жөндеу. Нәтижесінде қалыпты жағдайдағы жолдар үлесі 91 пайызға жетпек.

Әлеуметтің әлеуетін көтеру де негізгі нысанада. Биыл кәсіп ашамын деген жастарға арналып жеңілдетілген 188 несие беру көзделіп отыр. Оны ақша айналдырсақ, 940 млн теңгенің басы құралады. Ал халықты жұмыспен қамту шараларымен 44 мың азамат қамтылып, кем дегенде 19,5 мың жұмыс орны құрылады.

Жиын соңында бірнеше тұрғын көкейін мазалаған сұрақтарын қойып, билік өкілдерінен қанағаттанарлық жауап алды. Облыс әкімі кез келген мәселе жөніндегі сауалдарға қай кезде де құлақ асып, кері байланыс орнатуға дайын екенін айтты…

Суреттерді түсірген – Бердібола КӨРКЕМБАЕВ

Жаңалықтармен бөлісу