Құмар Ақсақалов:  тапшылық болмау керек

Құмар Ақсақалов: тапшылық болмау керек

Биыл өңіріміздің  жол саласына 39,3 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаражат жергілікті маңызы бар 446 шақырым автожолды және елді мекендердің 299 көше учаскесін жөндеуге бағытталады. Әзірге 44 жоба бойынша мердігерлер анықталған.

Екі жоба бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатса, Жанкелдин ауданында екі жобаға конкурс жарияланбапты. Облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Олжас Нұрғалиев аймақ әкімдігінде өткен алқалы жиында осылай деді.

«Биыл бағдарлама шеңберінде Ресей Федерациясына шығатын облыстық маңызы бар Әйет-Варварин тас жолын жаңарту ірі жобасы аяқталады. Жобаның жалпы құны 3 млрд теңге. Бұл жобаны іске асыру облыстың көліктік-логистикалық әлеуетін арттыра отырып, автожолдың сипаттамаларын III техникалық санатқа жеткізеді. Сондай-ақ, осы жылы облыс орталығын Жанкелдин, Аманкелді аудандары және Арқалық қаласымен байланыстыратын жалғыз көлік дәлізі – Әулиекөл-Жалдама жолының соңғы учаскесін орташа жөндеу бойынша ірі жоба аяқталуда», – деді О.Нұрғалиев.

Бұдан бөлек, «Ауыл-ел бесігі» арнайы жобасы аясында автожол саласын жөндеуге 6,1 млрд теңге бөлінді. Әзірге 119 жобаның 105-і бойынша шарт жасалды, 13 нысан бойынша байқау жария-
ланбаған (Аманкелді – 1, Жанкелдин– 10, Меңдіқара – 1, Федоров – 1).

Ал жергілікті бюджет есебінен 115 жобаның құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек, оған 12,7 млрд теңге қарастырылыпты. Алайда 115 жобаның 37-сіне шарттар жасалып, 32-сі бойынша конкурстық рәсімдер өткізіледі, ал 46 байқау жарияланбаған (соның ішінде Меңдіқара мен Бейімбет Майлин аудандарының әрқайсында сегіз жобадан). Өңіріміздегі жол инфрақұрылымын жақсарту жылдық жоспарының 12 пайызы ғана орындалып отыр.

«Мен осы мәселеге қатысты қыста баяндамаларыңызды тыңдаған едім. Жол құрылысы материалдары, әсіресе, битум тапшылығы орын алмайтын болсын. Әзірге қор жеткілікті. Оның үстіне Ресейден алуға мүмкіндік бар. Баға келісімді, өзгеріс жоқ, жобалық-құндық құжаттағыдай. Алда толық жаз бар. Жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасы мен «ҚазАвтоЖол» АҚ ҰК филиалы осы жағын толық қамтамасыз ету керек. Ертең мердігер компаниялар құрылыс материалдары жетіспей жатыр демесін», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.

Мамыр айы бойы басқарма мен мердігер ұйымдар бірлесіп,  кетілген-мүжілген, ойылған жолдарға комиссиялық тексеру жүргізіп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша ақаулар анықталған жағдайда, жол төсеген компаниялар атына қысқа мерзімде жою туралы тиісті нұсқамалар жолданатын болады.

Қ. ҚИЫСХАНҰЛЫ.

 

 

 

Жаңалықтармен бөлісу