Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс бабымен Рудный қаласында болып, халықпен кездесу өткізді. Кеңшілер қаласына сапары барысында өңір басшысы бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандардың жұмысымен танысты.
Құмар Ақсақалов алдымен «Рудный АБАТ 2006» ЖШС-нің қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны мен сұрыптау кешенін аралады.

Бұл нысан 2025 жылы пайдалануға беріліп, жылына 50 мың тоннаға дейін қалдықты өңдей алатын заманауи қондырғылармен жабдықталған. Сонымен қатар құрылыс және ағаш қалдықтарын қайта өңдеуге арналған жылжымалы ұсатқыш кешен іске қосылған. Оның қуаттылығы жылына 70 мың тоннадан асады.

«Қыркүйек айында іске қостық. Полигонның аумағы 50 гектар. Біздің басқаруымызға өткеніне екі жыл болды. Сатып алу кезінде кішігірім заң бұзушылықтар анықталып, бәрі тиісті деңгейде жұмыс істемеген еді. Қазір полигон тұрақты, барлық экологиялық нормаларға сәйкес. Сондай-ақ осы кәсіпорында құрылыс қалдықтарын, темірбетон бұйымдарын, асфальтты, ағаштарды және кейін қайталама пайдалануға болатын басқа да қалдықтарды қайта өңдеуге мүмкіндік беретін жылжымалы ұсақтау кешені сатып алынды. Германияда өндірілген, өте қуатты кешен. Техникалық төлқұжатқа сәйкес, біз жылына 70 мың тоннаға дейін құрылыс қалдықтарын кәдеге жарата аламыз», – дейді Экологиялық кәсіпорындар тобының директоры Ринат Ишбулатов.
Қазіргі күні кәсіпорын жиналған қағаз, пластик, полиэтилен, алюминий банкаларды қайта өңдеумен айналысатын компанияларға өткізеді.

Ринат Ишбулатов алдағы уақытта оны өз кәсіпорнында өңдеуді қолға алатынын жеткізді.
«Полигонда көмілетін қалдықтардың көлемін азайтуды, атап айтқанда пайдалы фракцияларды бөліп алу арқылы 17-23% төмендетуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта шамамен 5-7% азайтуға қол жеткіздік, өйткені біз жаңа ғана іске қосылдық, көптеген процестер реттелуде. Біздің компания Рудный қаласының аумағынан, Қашар кентінен тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын, сондай-ақ ірі көлемді қалдықтар мен басқа да қалдықтарды тасымалдаумен айналысады», – дейді Ринат Ишбулатов.
Өңір басшысы қоқыс шығарумен айналысқан осыған дейінгі мердігердің бұл жұмысты атқаруға шамасы жетпегенін айтып өтті. Ұйымды ауыстыру жөніндегі шешім дұрыс болғанын жеткізді.

«Жыл сайын құрылыс қарқын алып, қоқыстар көбейіп жатыр. Әсіресе Рудный қаласында ірі жобалар, үлкен зауыттар салу жоспары іске асырылуына байланысты, тиісінше қоқыс көлемі де артатыны түсінікті. Тұрғын үйлер мен түрлі нысандар көптеп салынуы қайта өңдеу мәселесін өзектендірді. Ал осы тұрғыда сіздердің бұл істі қоға алғандарыңыз дұрыс шешім болды. Бұл біздің облыста салынған ең заманауи жоба болды. Өкінішке қарай, Қостанай қаласында мұндай жоқ. Біз Қостанай қаласында да осындай желілердің тұруына ұмтылуымыз керек. Мүмкін одан да үлкенірек болса жақсы болушы еді. Сондықтан, тәжірибе жинақтап, осы жобаларды Қостанай қаласында іске асыру мүмкіндігі туралы ойлануларыңыз қажет. Біз сіздерге барынша көмектесетін боламыз», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Бұдан соң облыс әкімі «Фирма Арасан» ЖШС-нің Рудный филиалына ат басын бұрды. Зауытта төрт өндірістік цех жұмыс істейді, онда 16 түрлі сыра, екі түрлі квас және 14 маркалы алюминий банкідегі, сондай-ақ бес түрлі шыны бөтелкедегі сыра өнімдері шығарылады.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты мен даму жоспарлары жөнінде кәсіпорын қызметкері Альберт Фахретдинов баяндап өтті.
«Жыл сайын өндіріс көлемі артып келеді. Біздің кәсіпорнымыздың өндірістік қуаты – жылына 100 миллион литр сыра. Бірақ біз қазір жылына шамамен 70 миллион литр сыра өндіріп жатырмыз, өйткені бізде маусымдық өндіріс. Жазда 110%-ға, ал қыста шамамен 50%-ға жұмыс істейміз. Жыл сайын өндіріс төмендемейді. Мысалы, биыл біз банкаға құю желісінде жаңа лимонадтарымызды іске қостық. Сондай-ақ бізде өзіміздің «Славянский» және «Староградский» квасымыз бар.Тұрақты штат – 380 адам. Маусым кезінде қосымша адамдарды қабылдаймыз. Ең бастысы, біз құрылтайшымен Қостанайдағы алаңды екі есеге жуық кеңейтуге келістік», – деді кәсіпорын қызметкері.
Одан кейін облыс әкімі «Горняк» мәдени-демалыс орталығында Рудный қаласының тұрғындарымен кездесті. Әкім халықтың өзекті сұрақтарын тыңдап, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы жөнінде баяндады.
Сапар соңында Құмар Ақсақалов жергілікті билікке халықтың тұрмыс сапасын арттыру, экологиялық мәдениетті дамыту және өндіріс саласында жаңа технологияларды енгізу бойынша нақты тапсырмалар берді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
