Наурыз мерекесі аясында облыс әкімі Құмар Ақсақалов облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен кездесіп, атқарып жатқан жұмыстарымен танысып шықты.
Кездесу дөңгелек үстел басында жалғасын тапты. Басты тақырып – елдің бірлігі мен татулығы. Облыс әкімі саяси құрылымдардағы, еліміздің экономикалық дамуындағы ҚХА рөлі ерекше екенін атап өтті.
Қоғамдық келісім басшысы Наталья Рамазанова Достық үйінің атқарып жатқан жұмыстарын көрсетіп, Ассамблеяның рөлін арттыру бағытындағы жоспарларымен бөлісті.
Атырауда өткен Құрылтайда ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтар үшін бірліктің маңыздылығы жоғары екенін тілге тиек еткен еді. ҚХА реформаларды қоғамдық қолдауды кеңейтуге және барлық этностарды мемлекет дамуының стратегиялық міндеттеріне тартуға ықпал ете отырып, осы аспектіде шешуші рөл атқарады.
19 этномәдени бірлестік жұмыс істейтін Достық үйі 18 жылдан бері ұлтаралық бірлікті нығайту орталығы болып келеді. Жыл сайын осы бірлестіктер ұйымдастырған жүздеген жобаларға 55000-нан астам адам қатысады. Өткен жылы олар этностар арасындағы бірлік пен келісімді көрсететін іс-шаралар өткізіп, облыстың дамуына, әсіресе, қайырымдылық саласында айтарлықтай үлес қосты.
ҚХА реформаларды қоғамдық қолдауды кеңейтуге және барлық этностарды мемлекет дамуының стратегиялық міндеттерді тартуға ықпал ете отырып, осы аспектіде шешуші рөл атқарып, ұлтаралық бірлікті нығайтып, сақтап келеді.
Әңгіме барысында облыс басшысы ұлтаралық келісім мен татулық басты байлығымыз екенін жеткізді. Этностар арасындағы достықты нығайту әрбір мемлекеттің алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі екенін тілге тиек етті.
«Халқымыз «бірлік бар жерде – тірлік бар» деп бекер айтпаған. Бүгінде баршамыздың басты мақсатымыз – елімізде қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтап, этносаралық татулықты қамтамасыз ету. Толымды жетістіктерімізді еселеп, әлеуметтің әлеуетін көтеруіміз қажет. Осы міндеттерді орындауда облыстық Ассамблея қызметін жаңа деңгейге көтереді деп ойлаймын. Келеңсіз жағдайлардың қайталанбауы үшін тұтас бір ұлттың тәрбиесіне ақсақалдардың араласып, тоқтау айтатыны асыл дәстүрімізде де бар. Осы салтты қайта қолға алып, жандандыру керек. Қазақстанда жүзден астам ұлт пен ұлыс тұрады. Өскелең ұрпақ алдындағы басты міндетіміз елдің тұтастығын сақтау», – деп өз ойын түйіндеді.
Облыстық ассамблея құрылымында Ақсақалдар мен Аналар кеңесі, этномәдени бірлестік өкілдері және аймақтық ҚХА ғылыми-сараптамалық топтың мүшелері жұмыс істейді. Келешекте олар ауылдарды да аралап, назарына алса деген ұсыныс айтылды.
Жиын барысында этномәдени бірлестіктердің өкілдері де өз ойларын ортаға салды. «Корей этно-мәдени орталығы» бірлестігінің төрайымы Ульяна Ким этномәдени бірлестіктер ұлтаралық келісімді нығайтуға және ұлттық құндылықтарды насихаттауға өз үлесін қосуға тырысып жатқандығын атап көрсетті. Қостанай облысы ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалқаман Жақып та сөз сөйлеп, облыс әкімінің ойын қостады.
Қазақстан – халқы сүттей ұйыған мемлекет. Бұл – біздің байлығымыз, құндылығымыз. Ұлтаралық араздық ешкімге де жақсылық әкелмейтіні рас. Облысымыздағы этнос өкілдерінің ауызбіршілігі мен татулығы құр жалаң ұран сөздер емес. Қазақтың құндылықтарын бойына сіңірген және бір шаңырақтың астында өмір сүріп тәрбиеленген қазақстандық азаматтардың бірлігі берік бола бермек.
Айбек ТАҢАТБАЕВ
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев