Құмар Ақсақалов облыстың оңтүстігіндегі су тасқыны туралы мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

Құмар Ақсақалов облыстың оңтүстігіндегі су тасқыны туралы мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов су тасқынынан зардап шегіп жатқан оңтүстік өңірде жүр. Ахуалдың күрделіленуіне байланысты төтенше жағдай жарияланған аймақта жедел штаб құрып, өз төрағалығымен аужайды жіті бақылауда ұстап отыр. Өңір басшысы бүгін соңғы мәліметтерді негізге алып, білдірме жасады.

“Су тасқынының құрсауында қалған Арқалық қаласы және Аманкелді, Жанкелдин аудандары өзімнің бақылауымда. Қазгидрометтің ақпаратына сай, бұндай су тасқыны облыстың оңтүстік өңірінде ешқашан болмаған. Бұл жағдайға себеп – қыс бойы қардың қардың межеден екі есе көп жауғаны, түнгі ауа температурасының жылы болуы. Дегенмен барлық қажетті шара қабылданды. Құтқару жұмыстарына мыңнан астам адам жұмылдырылды. 500-ден артық әртүрлі техника, оның ішінде төрт тікұшақ көмекке келді. Екі күннің ішінде қауіпті жерлерден 443 адам құтқарылды”, – дейді Құмар Іргебайұлы.

Оның айтуынша, зардап шеккендерге жәрдем жасау үшін арнаулы комиссия құрылған. Қиыншылыққа душар болған жандардың барлығына да мемлекет тарапынан көмек көрсетілетінін қадап айтты өңір басшысы.

Айта кетейік, бүгін кешкілік Арқалық қаласында да төтенше жағдай жарияланғаны белгілі болды. Бұған дейін мұндай режим Аманкелді, Жанкелдин аудандарына енгізілген еді.

Жаңалықтармен бөлісу