Үш жыл қатарынан болған қуаңшылық агроөнеркәсібі шалқыған Жітіқара өңіріне оңай тиген жоқ. Былтырғы тәуір егін мен көктің шығымы шаруалардың еңсе көтеруіне сеп болғандай. Биыл бірінші тоқсанындағы жағдай бойынша экономика дамуының негізгі көрсеткіштері оң қарқын көрсетіп отыр.
Соның ішінде өнеркәсіп – 0,2%, ауыл шаруашылығы – 32,7%, негізгі капиталға инвестициялар – 2,6 есе, құрылыс жұмыстары – 79,1%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 0,4%, бөлшек сауда – 28,9%, көтерме сауда – 18,7% өскен. Ал, инвестициялар тарту2,6 есеге артып, 4,7 млрдтеңгеге жетіпті. Шалғай өңір биылғы ауа райының шаруаға қолайлы болғанынан үміт күтеді әрі астық, жем-шөп өсіру жер көлемін біршама арттыруға бел буған. Көктемгі егіс науқанына жеңілдетілген бағамен (литрі 223 теңгеден) 3,5 мың тонна дизель отыны бөлініп отыр.
Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов Жітіқара ауданына барған сапарында осы және өзге де атқарылып жатқан жұмыстарды көріп қайтты. Бұл өлкедегі ірі елді мекеннің бірі Забелов ауылыннда болып, халықпен кездеу өткізді, арыз-шағым, өтініш-тілектерін тыңдады.
Бүгінде Забелов ауылында 1300-ден астам тұрғын мекен етіп отыр, олардың 675-і еңбекке жарамды. Ауылішілік жолдың ұзындығы 19 км, оның 12 шақырымының жағдайы мәз емес. 16 көшенің алтауы ғана түнде жарқырап тұр. Биыл екі көше жарықтандырылмақ. Алдағы екі жылда Жол картасы бағдарламасымен тағы сегіз көшеге жарық тарту жоспарланған. Селоның өзі орталық су жүйесімен қамтылыпты.
– Былтыр «Еңбек» бағдарламасымен ауылдың екі азаматы 400 АЕК көлемінде грантқа ие болды. Ал, тұрғындарға «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Оған бүгінде сегіз адам қатысуға ниет білдіріп отыр, бөлінетін қаражат 30 млн теңге, – деді Забелов ауылының әкімі Мұрат Тұрабаев.
Ауылда 18 бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр. Олардың ең ірісі – «Забелов» ЖШС. Бірақ аймақ әкімі серіктестік басшысы Амангелді Бисембаевты ауылға беріп отыр-ған көмегінің өте мардымсыз екенін сынға алды. Бір ғана мысал, Забелов орта мектебінде 216 бала оқитын болса, биыл білім ордасын аяқтағалы отырған үш-ақ түлек бар. Бұл жеткіншектер ертең әрі қарай оқуларын оқып болғаннан кейін оларды туған жеріне тарту жағын айрықша тапсырды. Өз қызметкерлерін тұрғын үймен, жоғары жалақымен, лайықты әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуі тиіс.
Тағы бір мәселе – мемлекет басшысы жуырда өткен үкімет жиынында қалалардың келбетін сынға алды. Бұл ескерту ауылдарға да қатысты. Сол себепті, елді мекендердің қожайындары – тауар өндірушілер үнемі жергілікті жеріне қамқоршы болу керек.
– Сіздің серіктестігіңізге қарасты 29 мың гектар жер бар. Биыл кіреберіс жолды жөндеп бітіреміз. Алдағы үш жылда барлық көшелерге жарық тартылады. Енді осы ауылды сақтап қана қоймай, оны өркендетуге атсалысыңыздар. Басқа облыстардағы үлгілі елді мекендерді көріп қайтыңыздар, тәжірибе алыңыздар. Өндірістік аумақтарыңызды күл-қоқыстан тазартып, ретке келтіру керек. Көп ауылдардың іші-сырты шашылып жатады. Ол дұрыс емес. Тазалық – мәдениеттің бастауы. Сырттан келіп ешкім аулаңызды тазалап бермейді, оған ең алдымен өздеріңіз жауаптысыздар. Тағы бір жайт, ауыл ішіне тазалық жасауға келгенде, жергілікті билік пен кәсіп иелері арасында меморандум жасасу деген дүниеден арылатын кез келді. Әр азамат оны өзінің борышы санау қажет, – деді Қ.Ақсақалов.
Ауылды жерде отырып шаруашылықпен айналыспайтындар да облыс әкімінің сынына ұшырады. Осының салдарынан елде ет, сүт, жұмыртқа өндіру кенжелеп тұр. Қайда барсаң – импорттық тауарлар. Ал, агроөнеркәсіп саласына мемлекеттен берілетін несие, жеңілдіктер өте көп. Бірақ ауыл тұрғындары ауыл шаруашылығымен айналысудың машақатын айтпай қалған жоқ – қазір жиырма келі де тартпайтын бір қап кебек 1500-1800 теңге, онымен мал асырау мүмкін емес.
– Тауар өндірушілергемемлекеттен барынша мүмкіндік бар. Салық көлемін төмендетті, тиын-тебен төлеп отыр. Қалаға қарай қашуды тоқтату керек. Ауыл шаруашылық жерлерін тиімсіз пайдаланып отырғандардың телімдерін қайтарылып алынып жатыр. Егер оның орнына мал өсірмейтіндерге он еселеп, жүз еселеп айыппұл салып көрейікші – ертең-ақ жерін мыңғыртып төрт түлікке толтырып тастасын. Қазір осы елді мекенде төрт жүзге жетер-жетпес ірі қара бар. Осыншама аумағы бар сіздер төрт мың мал бағып және ет, сүт өндіріп, өздеріңізді өніммен қамтып отыруларыңыз керек қой. Мәселен, тауарлы сүт фермасын құратындар үшін мемлекет несие береді, шығынының 25 пайызын мойнына алады, мал, техника сатып алсаңыз – тең жарымын өзіңізге қайтарады. Бұдан артық не керек? – деді өңір басшысы.
Забелов ауылының тұрғыны Станислав Питыктың кәсібі осы айтылғандарды тірілткендей. Қалада колледж тәмамдаған ол туған ауылына оралып, мал өсіруді қолға алыпты. Бір жарым млн теңге несие алып, Зеңгі баба тұқымын сатып алады.
– Қазір ірі қара басы жиырмаға жетті.Сүт – тауар бағытында дамытпақ ниеттемін.Бір ғана түйткіл – жайылым жеріміз жоқ. Ауыл малын бағатын ортақ жайылымға қосуға мәжбүрмін. Өз қорамызды жиырма бас сауын сиырына лайықтап алдық. Төбеге 500 литрлік цистерна қойдық, су әр сиырдың алдына дейін келіп тұр. Жазғы уақытта күніне 200 литр сүт сауып ала аламыз. Оны осындағы жеке кәсіпкерге өткіземіз, – деді Станислав.
Жас жігіттің қорасына кірген Құмар Ақсақалов оның ынтасына ризашылығын білдірді және бұл бастамасын барынша қолдайтынын жеткізіп, жауапты басшыларға тапсырма берді.
Әлеуметтік маңызды – мектеп, серіктестік базасын есептемегенде, 86 ғана үй табиғи газбен қамтылған. Қалған аулаларға көгілдір отын жетпей қалған. Ауыл тұрғындарының көтеріп отырған басты мәселесі де – осы.
– Бұл жасыма дейін облыс әкімі ауылымызға алғаш рет келіп отыр. Жоғарыда аталған мәселелердің барлығы шешімін табады деген сенімдеміз. Ең негізгісі – басы басталып, аяқсыз қалған газ құбырын ауылдың барлық көшелеріне тартуға ықпал жасауыңызды сұраймыз, – деген өтінішін білдірді ауыл ақсақалы Хасен Есполов.
Суреттерді түсірген
Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
Жітіқара ауданы