Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өзінің Instagram парақшасында Алексей Чуркинді Бахрейннің Манама қаласында өткен ауыр атлетикадан Әлем чемпионатындағы сәтті өнерімен құттықтады.
Спортшы жұлқа көтеруде қола медаль, сондай-ақ серпе көтеру мен қос сайыс нәтижесі бойынша күміс медальдарға ие болды. Бұл жетістік тек Қостанай облысы ғана емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға болды.
«Қостанай облысы үшін тарихи жетістік! Ауыр атлетикадан Әлем чемпионатында керемет жетістікке қол жеткізген жерлесіміз, жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушісі Алексей Чуркинді құттықтаймыз! Бұл медальдар – оның жеке жеңісі ғана емес, барлығымызға шабыт беретін жетістік», – деп жазды әкім.
Құмар Ақсақалов өз құттықтауында спортшының осындай биік нәтижеге жетуіне үлкен еңбек сіңірген бапкері Сергей Вячеславович Корщиковтың рөлін ерекше атап өтті. Алексей Чуркин – халықаралық дәрежедегі спорт шебері және Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі.
Әкім сондай-ақ жарысқа дайындалып жатқан тағы бір қостанайлық спортшы – Денис Полубояриновқа сәттілік тіледі.
«Ертең жарысқа тағы бір жерлесіміз – Денис Полубояринов шығады. Мен өз спортшыларымыздың жетістіктерін жіті бақылап, шын жүректен жанкүйерлік етемін. Оған сенімділік, күш-жігер және жарқын жеңіс тілеймін! – деп жазды өңір басшысы.