Қостанай облысының ішкі істер органдарында қоғамға адал қызмет етудің және азаматтық борышты өтеудің жарқын мысалына айналған есімдер бар. Солардың бірі – Құлбековтер әулеті. Бұл әулетте полиция қызметі әкеден балаға ар-намыс пен жауапкершілік эстафетасы ретінде беріліп келеді.
Сапабек Құлбеков ішкі істер органдарында 25 жылдан астам уақыт қызмет етті. Қостанай педагогикалық институтын тәмамдағанына қарамастан, тағдыр оны ІІМ Қарағанды жоғары мектебіне жетеледі.
Сол жерден бастап ол өз кәсіби жолын тапты. Қызметін жедел уәкіл болып бастаған ол кейін жедел бөлімшелердің бастығы, аудандық полиция бөлімдерінің бастығы лауазымдарына дейін көтерілді.
Сапабек Құлбеков қызмет еткен жылдары көптеген марапаттарға ие болды — еңбек сіңірген жылдары үшін медальдар, «Милиция үздігі», «ҚР ІІМ Құрметті ардагері» белгілерімен марапатталған.
Бүгінде ол зейнетке шықса да, қоғамдық белсенділігін жалғастырып, Қостанай облысы Полиция департаментінің Ардагерлер кеңесіне төрағалық етуде.
Оның үлгісі ұлына да әсер етті — Рустам Құлбеков әкесінің жолын қуып, бүгінде Қостанай қаласы Полиция басқармасының Көші-қон қызметінде еңбек етуде. Жауапкершілігі жоғары және қарапайым — бұл қасиеттер оның кәсіби тәртібі мен адамгершілік құндылықтар негізінде тәрбиеленгенін айғақтайды.
«Мен бала кезімнен әріптестерінің әкеме қандай құрметпен қарағанын көріп өстім. Оның қызметіне деген көзқарастарын байқадым. Сол кезде-ақ полицей болу жай ғана жұмыс емес, бұл — мамандық, тіпті өмір салты екенін түсіндім», – дейді Рустам Құлбеков.
Құлбековтер отбасы — ұрпақтар сабақтастығы мен мамандыққа адалдықтың жарқын үлгісі. Бұл әулеттің тарихы – нағыз офицерлердің елге қызмет етіп қана қоймай, өз жолын жалғастырар лайықты мұрагер тәрбиелей алатынының айқын дәлелі.