Газетіміздің 12 мамыр күнгі №49 санына “Кері кеткен кезек” деген мақаламыз басылды. Жазбамызда Ұлы Отан соғысының ардагеріне теңестірілген тұлға Сайран Нұрбаевтың тұрғын үй кезегіне қатысты мәселесін көтердік. Мәселеге жан-жақты ой қосу үшін Қостанай қалалық тұрғын үй қатынастары бөліміне ресми хат жолдаған едік. Мекеменің жауабы қолға тиіп отыр.
Хабарламада: “2016 жылдың 12 қаңтардағы тұрғын үй комиссиясының шешімімен Нурбаев С.К., «Халықтың әлеуметтік осал топтары/ жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер» санаты бойынша кезекке алынған. Кезекке алынған сәтінде С.К. Нурбаевтың кезек нөмірі – 3 126 болған. Қазіргі таңда кезек нөмірі – 1 880.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабына сәйкес мұқтаждар есебiнде тұратын азаматтарға мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжай, барлық қажеттi құжаттармен бiрге өтiнiш берiлген кезден бастап тiзiмдерде белгiленген кезек тәртібімен берiледi. «Kezekte.kz» бірыңғай ұлттық кезекте тұрғандарды есепке алу жүйесінде тұрғын үй кезегінің жылжуы туралы ақпарат бар”, – делінген.
Мекеменің ақпараты негізінде кезекте тұрған азаматтарға әр жылдары берілген үйлер мен пәтерлердің санын да беріп отырмыз. Биыл жылдың соңына дейін жергілікті әкімдіктің кезегінде тұрғандар үшін үш үй салып, іске қосу жоспарлануда.