24 мая, 2025
Қостанайлықтар Жеңіс шеруіне қатысушыларды шығарып салды

Қостанайлықтар Жеңіс шеруіне қатысушыларды шығарып салды

Астана қаласында өтетін парадқа Қатысушылар қатарында Қостанай қаласының екі тұрғыны – екінші дүниежүзілік соғысының ардагері Қасымхан Алдабергенов пен фашистік концлагерь тұтқыны Леонид Дячков бар.

Облыстық Ардагерлер ұйымының төрағасы Батырбек Ахметов ардагерлерге сәттілік тіледі.

– Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңістің сексен жылдығы кең көлемде аталып өтетінін айтқан болатын. Осыған байланысты елордада, кейін Мәскеу қаласында парад өткелі жатыр. Жеңісті жақындатқан құрметті ардагерлер осы бір салтанатты рәсімге аттанып барасыздар. Бейбітшілікке қол жеткізуіміз сіздердің арқалараңыз. Сіздер одан зор құрметке әрдайым лайықсыздар, – деді Батырбек Ахметов.

ҚР Ұлттық ұланы 6697 әскери бөлімі командирінің орынбасары, подполковник Ескендір Сараубеков:

– Сіздердің ерліктеріңізді мақтан тұтамыз. Жауыргерлерімізге әрдайым қанат бітіріп, Отан қорғау жолын жалғастырып келеді. Өздеріңіздей ардагерлеріміздің барына қуанамыз, – деп ақ тілегін айтты.

Соғыс ардагері Қасымхан Алдабергенов жастарға бата беріп, алғысын жеткізді.

– Ол кезде жалындаған жас едік. Жеңіс туралы естігенде жиырмаға да толған жоқпын. Таяуда жүзге келгелі отырмын. Одан беріде қаншама уақыт өтті. Майдан даласында қалған боздақтардың атынан бүгінгі жастарға алғысымды айтамын, біз көрген бейнетті көрмесін деп тілеймін, – деп толқыды қария.

Ардагерлер өнерпаздардың ұйымдастырған шағын концерттік қойылымын тамашалады. Вокзал төрінде Жеңіс әндері шырқалды.

Облыстан осы шеруге сегіз адам аттанды. Олардың арасында екі тыл ардагері де бара жатыр.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Суреттерді түсірген Жансая Сәбитбек