Ұлыстың ұлы күнін атап өту үшін қостанайлықтар орталыққа ертесімен жиналды. Алаңға ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, сән-салтанатымен түрлене түсуде.
Негізгі мерекелік іс-шара таңғы 11:00-де басталды. Қазақы ңақышта киінген жігіттер мен қыздар театрландырылған қойылым көрсетті. Көпшілікке шашу шашылып, жиналғандар наурыз көжеден дәм татты.
Ұлыстың ұлы күнімен облыс тұрғындарын құттықтау үшін Құмар Ақсақалов ортағы шығып, тілегін айтты.
– Баршаларыңызды Наурыз мейрамымен құттықтаймын. Наурыз жыл басы, жаңғырудың, жақсылықтың, игі істердің нышаны. Тарихы тереңнен басталатын бұл мереке, бүгінгі күні де қоғамдағы бірлікті сақтауға ұйытқы болып отыр. Елімізде тұратын барлық ұлт өкілдері осы күні бір үйдің баласындай мерекені атап өтеді. Облыс экономикасының көрсеткіші жақсы. Былтыр, облыс бюджеті 449 млрд теңгені құраса, биыл 600 млрд теңгеге жетпекші. Бұл қаржы өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға жұмсалады. Көптеген зауыттар ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылады. Жастарға арналған бағдарлама қабылданып, баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қолға алынды. Әлеуметтік нысандар жаңғыртылады. Бұл істің барлығы тек бірліктің арқасында жүзеге асады. Отбастарыңызға амандық, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін, – деді Құмар Ақсақалов.
Тобыл-Торғай өлкесі тұңғыштардың мекені. Білімнің шырағын жаққан Ыбырай Алтынсарин, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы, шоқ жұлдыз Шоқан Уәлиханов, театр саңлақтары Сералы Қожақұлов пен Елубай Өмірзақов, батырлар Аманкелді мен Кейкі, Тәтіқара жырау. Аталған тұлғалар кейпіндегі актерлер орталық алаңмен бір-бір тұлпар мініп жүріп өтті. Абылай ханның тұстасы Тәтіқара жырау кейіпін сомдаушы Қыдырбек Қиысхан домбырасын қолға алып, жыр арнады.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Ахаң атындағы университет алдында өтіп жатқан күрес пен аударыспақты тамашалады. Сол жерде садақ атудан да сайыс ұйымдастырылды.
Тігілген ағаш үйлердің алдында ұлттық ойындар ойналып, салт-дәстүр дәріптелді. Мереке соңына қарай ең үздік киіз үй анықталатын болады. Қалада мереке кешке дейін тойланды.
Суретерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ,
Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.