Қостанайлықтар Мәуліт мерекесін атап өтті

Қостанайлықтар Мәуліт мерекесін атап өтті

Облыстық Аймағанбет қажы Спанұлы мешіті ұжымының ұйымдастыруымен қалалық «Мирас» мәдениет үйінде Мәуліт мерекесіне арналған «Адамзаттың асыл тәжі» атты рухани кеш болып өтті.
Оған әдеттегідей халық көп жиналды.

Алдымен қонақтар мен жерлестер назарына Мұхаммед Пайғамбарымыздың мағыналы ғұмыры туралы қысқа метражды фильм ұсынылды.

Онда елордамыз Астанадағы Республикалық Бас мешіттің ұстазы Мұртаза қари Балахмет, Облыстық мешіттің наиб имамы Әлішер Балахмет, Қостанай ауданының Бас имамы Дархан Сыздықов Мәуліт-шариф және құран оқыды.

Батаны Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Уәлиев берді.


Жиналған қауымды облыстық дін істері басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов пен көршілес Ақмола облысының Бас имамы Қуаныш Жұмабайұлы шын жүректен құттықтап, көпшілікке ізгі тілектерін білдірді.


Сондай-ақ Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын Торғайбайұлы мен наиб имам Әлішер Ертайұлы «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында №787-788 пәтерлердің кілтін баспанаға мұқтаж жандарға салтанатты түрде табыс етті.


Сонымен қатар Бас имам жұртшылыққа жүрек жарды лебіздерін жеткізіп, мешіттің тұрақты жанашырларына Алғыс хаттар тапсырды.

Өнер майталмандары қойған сахналық қойылым мен ән-жыр да талғампаз көрерменнің көңілінен шықты.

Белгілі ақындар Айбек Қалиев пен Мейірбек Сұлтанхан айтыстың үлгісін көрсетіп, жиналған жұртты рухани ләззатқа бөледі.

Әрі қарай кеш Облыстық мешіттің асханасында жалғасып, 250 адамға дастархан жайылды.

Аслан Қанғожин

Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков

Жаңалықтармен бөлісу