Қайырымдылық концертінде ҚХА мәдени бірлестіктерінің өкілдері өнер көрсетті. Мұндағы мақсат – Жітіқара қаласының 4 жасар тұрғыны, мүмкіндігі шектеулі Дарын Бейсембаевқа қолдау көрсету. Осы іс-шара аясында қостанайлықтар бірер сағаттың ішінде балдырғанға 150 мың теңге жинап берді.
Кішкентай Дарынның инсульт, нейроинфекция салдарынан дамуы тежелген. Бұрыс диагноз қойылып, уақтылы ем-дом қабылдамауы кесірінен бүлдіршіннің өмір бойы оңалтудан өтуі қажет.
Ата-анасының өтінішін этномәдени бірлестіктер мен қостанайлық әртістер бейжай қалдырмай, “Qostanay Plaza” сауда ойын-сауық орталығындағы сахнаға жиналып, музыкалық бағдарлама өткізді. Барлық жиналған қаражат іс-шара соңында Бейсембаевтар отбасына берілді.
Облыстық ҚХА концертті ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматқа алғыс білдіреді. Бұл ізгі іс алдағы уақытта жалғасын табады.
Қайырымдылық концертіне облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық ҚХА этномәдени бірлестіктері мен консультативтік кеңесші органдардың мүшелері шақырылды.
Айбек ТАҢАТБАЕВ