Қаланың Қасымханов көшесі бойында орналасқан алеяда «Таза Қазақстан» акциясы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды.

Бұл игі бастамаға «Асаба» қырғыз этномәдени бірлестігі, «Шарқ» тәжік этномәдени орталығы және Ассамблея жастары бірлесе атсалысты. Таңертеңнен басталған сенбілікке белсенді жастар, еріктілер мен қала тұрғындары жиналып, қоршаған ортаны таза ұстаудың маңыздылығын көрсетті.

Іс-шара барысында қатысушылар аллея аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, ағаштардың түбін әктеп, абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Бұл тек тазалық шарасы ғана емес, сонымен қатар әртүрлі этнос өкілдерінің бірлігін, достығын және ортақ мақсат жолындағы ынтымақтастығын айқындайтын жарқын үлгі болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы — тек бір күндік сенбілік емес, ол – қоғамда экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді бастама. Осындай іс-шаралар арқылы жастардың табиғатқа деген жанашырлығы артып, туған жерге деген құрметі нығая түседі.

Қостанайлықтар бұл бастаманы жылы қабылдап, алдағы уақытта да осындай игі істерге белсенді қатысуға дайын екендерін көрсетті. Сенбілік нәтижесінде аллея аумағы айтарлықтай тазарып, тұрғындар үшін жайлы әрі көрікті демалыс орнына айналды.

Осындай бірлескен еңбектің арқасында «Таза Қазақстан» акциясы өңірде кең қолдау тауып, экологиялық мәдениеттің дамуына өз үлесін қосты.
БОТА МАНЕТ
