Бұдан бұрын Қостанайда ағайынды Орал, Қорған Әйтеновтерді еске алуға арналған бокстан ірі турнир ұйымдастырылып жатқанын хабарлаған болатынбыз.
Алыс-жақын шет елдер мен республиканың әр өңірінен былғары қолғап шеберлері бақ сынаған бәсекеге облысымыздан он бір боксшы қатысқан болатын.
Осылардың ішінде М.Тәжмақин атындағы спорт сауықтыру кешенінің тәрбиеленушісі Темірлан Ахметбеков 80 келі салмақ дәрежесінде ақтық сынға жетіп, турнирдің күміс жүлдегері атанды.
Темірлан бұл сауықтыру кешенінде екі жылдан бері жаттығып келеді. Сол аралықта облыс чемпионы атанып, республикалық турнирлерде жүлделі орындарға қол жеткізді.
“Темірлан осы кездесуге дейін екі бірдей қарсыласын айқын басымдылықпен ұтты. Финалдағы қарсыласы көпті көрген тәжірибелі атлет. Бұл ауыр салмақ дәрежесінде алдыңғы қатарлы өнер көрсету дәстүрімізде бар. Жаңадан бокс федерациясының президенті болып жерлесіміз Сайлаубек Ещанов сайланып жатыр. Алдағы уақытта дамимыз деген сенім мол”, – дейді Темірланның бапкері Қанат Нұрпейісов.
Темірланның финалдағы қарсыласы республикасының бірнеше дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы ақтөбелік Дәулет Төлемісов болатын.