Қостанайлық студент республикалық байқау жеңімпазы атанды

Қостанайлық студент республикалық байқау жеңімпазы атанды

Бүгінгі таңда мемлекетіміздің басты құндылықтарының бірі – білімді, бәсекеге қабілетті және отаншыл жастар буынын қалыптастыру. Осы орайда жас дарындардың жаңа бастамаларына қолдау көрсету, олардың шығармашылық әрі интеллектуалдық әлеуетін арттыру мақсатында елімізде ауқымды шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Соның бірі – «Жаңа қазақстандық патриотизм» жобасы аясында өткен «ҮЗДІК СТУДЕНТ – 2026» атты республикалық байқауы.

Аталған айтулы додада еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған ең белсенді әрі дарынды студенттер бақ сынасты. Нәтижесінде А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің намысын қорғаған 6B01302 – «Бастауыш білім беру (ІР)» білім беру бағдарламасының 3-курс студенті Төрежан Жансая жоғары дайындығымен ерекшеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Ол өзінің терең білімі, ізденімпаздығы және қоғамдық жобаларға қосқан үлесі үшін қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.

Бұл марапат – студенттің көпжылдық еңбегі мен ұстаздар ұжымының берген сапалы білімінің заңды нәтижесі. Жас ізденімпаздың бойындағы талантты ұштап, ғылыми бағыт-бағдар сілтеген жетекшісі – аға оқытушы, педагогика ғылымдарының магистрі Кушмурзина Д.Х. Еңбекқор ұстаз бен талапты студенттің бірлескен жұмысы өңірлік білім ордасының беделін республика деңгейінде тағы бір мәрте асқақтатты.

Бастауыш білім беру саласында жаңашыл бағыттарды меңгеріп жүрген Жансаяның бұл жетістігі – қатарластарына зор үлгі. Республикалық деңгейде үздік шыққан студентіміз бен оның ғылыми жетекшісін осынау айтулы жеңісімен марапаттай отырып, алдағы уақытта да ғылым мен білім жолында биік белестерді бағындыра беруіне тілектеспіз! Жастардың мұндай жетістіктері – Жаңа Қазақстанның кемел келешегінің берік кепілі.

Айша Сейітхан