Әлемнің сексен екі елінен келетін меймандар қазақ аналарының қолөнеріне тәнті болып, Ұлы дала елінде рухы мықты ел барына көз жеткізгелі тұр. Сақ – қассақ ғұрпынан қалыптасып, Томирис, Зарина патшайымның салып кеткен шынайы шеберліктің үлгісі бесінші халықаралық көшпенділер ойынында дәріптелмек.
Қазақтың құрағын әлемге танытуды көздеп келе жатқан АЛАМАН құрақ жобасына былтыр Қазақстанның барлық облыстары атсалысқаны есімізде. Рәміздер күні қарсаңында елорданың тәуелсіздік алаңына кілем тәріздес көздің жауын алып құрақ жайылған-тын.
Облысымыздың атынан қатысқан Ботагөз Көшербаева, Айжан Сақтапбергенова, Құралай Молдабаева Қазақстанның КиНЭС рекордтар кітабына жазылып, қолөнер тарихына кірді.
Биыл да осы дәстүр жалғасын тауып, республиканың әр өңірінен бес жүзге жуық құрақшы көшпенділер ойынында жиналғалы жатыр.
“Түкпір-түкпірден жиналған жұрт әр қазақтың төрі сұлу екенін біледі. Қазақтың құрағы – ақ ниет, кеңпейілділік пен қонақжайлық екен деп көргендер әлемге әдемі көзқарасты паш етеді”, – дейді жобаның авторы Нұргүл Абайхан.
Ұлы дала дүбіріне облыстан жеті қолөнер шебері аттанды.
Ботагөз Көшербаева Қостанайдағы “Любимая Ева” аспаздық дүкенінде жұмыс істейді.
Бұл жобаға былтыр да қатысқан. Күні бойын тоқаш пісіріп, қолы қалт етсе, іс тігетін Ботагөздің қиялының ұшы-қиыры жоқ. Әйтсе де алдындағы қиюын орнымен құрастырғанды жаны сүйеді.
«Мың құрақшы – мың көрпе» бастамасы қазақтың ауызбіршілігін көрсетеді. Бір жерге топтаса білген ынтымағымыздың арқасында, болашақта мыңнан да асатынына сенеміз, – дейді ол.
Аламан құрақ жобасы Жанкелдин ауданы Аралбай ауылының тұрғыны Құралай Молдабаеваға да таңсық емес.
Былтыр жазыққа екі жүз көрпе жайылғанда таңқалмаған ел қалмағанына куә болып қайтқан. Ауылда отырса да үлен жобаларға ат салысып жүрген Құралай Молдабаева жастарға үлгі болары анық. Ұлттық қолөнерімізді ұрпағымызға ұлықтауда еңбегі орасан.
Ал Аламан құрақ жобасының былтырғы қатысушысы Айжан Сақтапбергенова жан-жақты мамандықтың иегері. Арқалық өңірінде туып-өскен ол орта мектепті үздік бітіріп, педагогика, экономика саласын қатар меңгерген. Бос уақытында тігінмен айналысып, ұлттық қолөнердің дамуына үлес қосып жүрген ұлтжанды қыздарымыздың бірі.
“Маған бұл өнер атам Бимақаннан дарыды, ол кісі елге танымал етікші шебер болған, қолынан шыққан етік мәсілерін жұрт тапсырыспен тіктірген екен”, – дейді Айжан.
Жобаға биыл қосылған Қостанайлық Зейнеп Хасенова он бес жылдан бері қыз жасауын тігумен айналысады. Оның бұйымдары Қостанайдың әр көрмесінен түскен емес.
Ұлттық өнерге деген махаббаты жасап тұрған дүкенін жауып, құрақ өнерін жаңғыртуға шешім қабылдауға жетелеген.
Келесі қатысушымыз Сандуғаш Мырзатаева Қостанай қаласындағы өз шәкірттеріне тоқыма тоқудың қыр-сырына үйретіп жүрген жан, Аламан құрақ жобасының дүрілі Сандуғаштың құрақ өнеріне бет бұруына себепші болды.
«Бұл көрпе менің алғашқы туындым, өнерімді басқа қырынан ашқаны үшін бұл жобаға алғысым шексіз», – дейді Сандуғаш.
Биылғы қатысушылардың арасында Айнұр Тұрмағанбетова тәрізді Арқалықтық ақ халатты абзал жан да бар.
«Бала күнімнен Байболқызы Әдемі әжемнің қасында жеңіл құрақтарды қиып көмектесіп жүріп, жүрегім мен бойыма шеберлік дарыған, әкем сақина соғып, ат әбзелдерін жасайтын, мамандығым басқа болса да, қандағы бар дүние өзі жетелеп тұрады екен», –дейді Айнұр.
Ал бұл қатысушымыз тігін саласында жүрген өз ісінің маманы Алмагүл Әбдібекова Арқалық қаласы ДЮЦ мекемесінің тігіншісі.
Десе де киім тігумен айналысып жүрген шеберіміз ұлттық құрақ өнерінен алыс емес екенін көрсетті.
Биылғы дүбірлі додаға тігілген көрпенің әр құрағы мен оюы үлкен философиямен жасалған.
Ортасындағы Төртқұлақ оюы – қазағымның төрт түлік малы аман болсын дегенді білдіреді. Бұрын қазақ бірінші мал-жан аман ба деп сұрасқан. Ол оюды көмкерген гауһартас құрағы – асыл тастай болайық дегені. Өсімдік жасыл ою – төртеу түгел болып, өсіп – өнуді ойлағаны. Бұларды қоршаған АЛАМАН құрағы ақ мол болып, көк аспанымыздың ашық болуын тілегінен туындаған. Қызыл оюларымыз – Қазақстанның кеңпейілділік пен қонақжайлық көрсетеді. Шетіндегі сынық мүйіз құрағы екі ұғымды сипаттайды. Балта сақтықта қорлық жоқ екенін ескертсе, екіншісі –ақыл ұрпағымыз білімді, саналы, салихалы болсын дегені.
Міне, осы кісілердің қолынан шыққан 450 көрпе осылай төселгенде үлкен кілем тәріздес болмақ.
Айбек ЖҮЗБАЙ