Қостанайлық оқушылар жазда қалай демалады?

Қостанайлық оқушылар жазда қалай демалады?

Оқу жылының аяқталуына санаулы күндер қалды. Оқушылар жазғы демалысты асыға күтіп жүргені анық. Балалардың үш айғы демалысы қалай өтпек деген сауал қалалық әкімдікте болған аппарат кеңесінде талқыланды.

Қостанай қаласында 1-10 сыныптарда білім алып жатқан 32 мыңнан астам оқушы бар. Соның 7%-і, яғни, 2 342 бала әлеуметтік қорғалмаған санатына жатады. 101 бала әртүрлі есепте тұр. 958 оқушы ерекше білім беруді қажет етеді, оның он сегізі арбаға танылған. Барлығы 3 401 бала ерекше күтімді талап етеді. Оқушылардың жазғы сауықтыру маусымын тиімді өткізу үшін қызықты іс-шаралар жоспарлануда. Мәселен, қала сыртындағы жазғы демалыс лагерлері оқушыларды құшақ жая қарсы алмақ, әр алуан бағыттағы әлеуметтік жобалар іске асырылып, мектеп ішілік спорттық іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

– Жаз айларында қаладағы 36 мектептің жанынан 292 мамандандырылған алаң жасақталмақ. Ол жерде 1-10 сынып аралығындағы 26 687 білім алушына қамту көзделуде. Сондай-ақ спорттық, өнер-білім үйірмелері де жұмыс істейтін болады. Әлеуметтік қорғалмаған санатына жататын балалар демалыс уақытында қосымша білім беру ұйымдарына тегін барады. Осылайша, балаларды назардан тыс қалдырмай, бос уақыттарын тиімді өткізуге күш саламыз. Әсіресе, есепте тұрған балалар білім бөлімінің ерекше бақылауында болады, – деді қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлсім Оразбаева.

Әлеуметтік қорғалмаған санатындағы балаларды қала сыртындағы “Чайка” лагерінде сауықтыру мақсатында биыл 225 жолдама сатып алынды. Бір жолдаманың бағасы 46 мың теңге. Жолдама үшін барлығы 10 млн 541 мың теңге кетіп отыр. Жазғы демалыс лагерьлерінде әлеуметтік қорғалмаған санатына жататын балаларға ыстық тамақ тегін берілмек. Биыл осы бағытта 678 баланы қамту жоспарлануда.

 

Қымбат ДОСЖАНОВА.

Жаңалықтармен бөлісу