17-26 қараша аралығында Португалия мемлекетінің Албуфейра қаласында кикбоксингтен ересектер мен әйелдер арасында әлем чемпионаты өтті. Қостанайлық жерлесіміз осы турнирде жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Турнирге 70 елден 573 спортшы қатысты. Қазақстанның намысын тоғыз облыстан жиналған спортшылар қорғады. Ел қоржыны 5 алтын, 5 күміс және 12 қола медальмен толықты. Қостанайлық Алина Төлегенова “лоу кик” бөлімі бойынша 52 келіге дейін өнер көрсеткен спортшылардың бірі. Осы жылы қола медальға ие болды.
Мен 52 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеттім. Менің салмағымда бәсекелестер көп болды. Әртүрлі елден көптеген халықаралық турнирде жеңіске жетіп жүрген спортшылар қатысты. Осы жылы да біз турнирге жауапкершілікпен дайындалдық. Күніне 2 рет жаттықтық, қала сыртына да шығып дайындалған болатынбыз. Биыл қола медаль иелендім. Болашақта одан да жақсы көрсеткіштерге жетуге тырысамын! – дейді Алина.
Қазіргі таңда спортшылар алдынғы турнирлерге дайындалу үстінде. Жерлестеріміз болашақта ел қоржынына алтын жүлде салудан үмітті.
Әсия Қоспанова