Қостанайлық кәсіпкерлер елордадағы екі күндік жәрмеңкеге аттанды

Қостанайлық кәсіпкерлер елордадағы екі күндік жәрмеңкеге аттанды

Өңірдің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 26-27 қазан күндері астаналықтар үшін азық-түлік жәрмеңкесін өткізеді. Кәсіпкерлер бүгін таң алдында жолға шықты.

Ел өңірлерінің Астанадағы жыл сайынғы жәрмеңкесіне облысымыздың 14 ауданы мен үш қаласынан елуден астам кәсіпкері өз өнімдерін апара жатыр. Оларды шығарып салу үшін облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали Тобыл қаласының шыға берісіне, Әулиекөл бағытындағы тас жол бойына арнайы барды. Жолаушыларға сәтті сапар тілеп, жергілікті БАҚ өкілдеріне ақпарат берді.

“Жылда Астана қаласында өтетін өңірлердің жәрмеңкесіне астықты аймақтың өнімдерін жіберіп отырмыз. Екі күн ішінде жүзден артық тауар түрі сатылады. Жалпы, 400 тоннадан астам өнім саудаға шығарылады. Әрине, жәрмеңке болғаннан кейін олардың құны нарықтық бағадан 10-15 пайыз төмен болады. Елеулі іс-шараға қатысуға ниет танытқан барлық кәсіпкерге зор алғысымызды білдіргіміз келеді”, – деді облыс әкімінің орынбасары Ринат Зәкиұлы.

Сауда сөрелеріне қойылатын жалпы өнімнің ішінде: барлық ет түрі – 52 тонна, сүт өнімдері – 35 тонна, шұжық және жартылай дайын ет өнімдері – 23 тонна, жарма жәнен макарон – 30, картоп және көкөністер – 95, ұн – 40 тонна, сондай-ақ нан, кондитерлік өнімдер, сусындар, бал және басқалары бар.  Жәрмеңкеге республикаға ғана емес, алыс-жақын шетелге танымал бренд иелері – “Милх”, “ДЕП”, “Торғай Ет” ЖШС-лері, “Баян Сұлу” АҚ, “Бекиров”, “Безбабный” ШҚ, “Карагулин” ЖК және басқалары қатысқалы отыр.

Жәрмеңкенің өту барысы және қорытындысы туралы газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Суреттерді түсірген – Ерасыл Талғатұлы

Жаңалықтармен бөлісу