Моншақтардан зергерлік бұйымдарды тоқу қарапайым хобби болудан қалды. Қазір бұл ерекше өнерге ғана емес, кәсіпке айналып отыр. Ажар Мақан есімді жас танымал сөмкелердің көшірмелерін жасаумен айналысады.
Ажар қолөнердің бұл түрін 2022 жылдан бастап қолға алған. Қазіргі уақытта ол ерек қабілетін табыс көзіне айналдырған.
«Кәсібімді бастамас бұрын жоғары сапалы жабдықтарды іздеу қиынға соқты, бірақ көп ұзамай бұл мәселе шешімін тапты. Моншақ тізу төзімділік пен үлкен еңбекті қажет етеді. Өйткені моншақтар ұсақ келеді, көз ауырып, арқа буындарына залал тиеді. Алғашқы сөмкені жасауға шамамен 2-3 күн қажет болды, бірақ тәжірибе жинақтағаннан кейін жұмыс барысы жеделдей түсті. Кейінгі сөмкені тоқуғак 8-10 сағат жұмсайтын болдым», – дейді Ажар.
Бала кезінен қолөнерге бейім болған Ажар көңілі қалаған кәсіпке көп ойланбастан қадам басты. Әлеуметтік желілерден моншақтардан бұйымдар ғана емес, сондай-ақ сөмке жасауға болатынын көріп, қызығушылығы оянған.
«Еңбегімнің нәтижесі мені одан сайын ынталандырады. Сондай-ақ тұтынушылардың ілтипаты мен қуанышты жүздерін көріп, шабыттана түсемін. Осы кәсіптің артықшылығына келсек, біздің қалада бәсекелестердің жоқтығы жақсы болып отыр. Жұмыс барысы ұсақ моториканы жақсы дамытады және бүгінде қолдан жасалған бұйымдар сапасына қарай жоғары бағаланады. Бұл салада күн сайын дамып, жаңа нәрсені үйренуге болады. Дайын өнім тұтынушыларды өзіне еліктіреді деген ойдамын»,-дейді қолөнерші.
Ділназ Ізтелеуова
Журналистика мамандығының студенті