Түркістанда үш жыл қатарынан өткен «TURKESTAN GRAND FESTIVAL» халықаралық көп жанрлық ашық байқау-фестивалінде Қостанай қалалық балалар шығармашылық мектебі жанынан құрылған «Алтынай» халықтық үлгі би ансамблінің бишілері үш бірдей бас жүлдені жеңіп алды. Би додасына еліміздің түкпір-түкпірінен 35 шығармашылық ұжым қатысты.
Бүгін кішкентай бишілерді қолдарына қызыл-жасыл шар, гүлдерін ұстаған ата-аналары, туған-туыстары жұмсақ ойыншық кейпінде керемет көңіл-күймен қарсы алды.
Арасында халықаралық байқауға алғаш қатысқан топтар да бар. Біз де биші балапандардың теміржол вокзалында халықпен жарқын кездесуіне куә болдық.
«Алтынайдың» бишілері халықаралық хореографиялық өнер байқауында бірден бірнеше марапатқа ие болды. Құрамында 65 биші бар үш топтың үшеуі де үш Бас жүлде және бірінші және екінші орындарды иеленген. Әр топ екі шығармашылық нөмер әзірлеп апарған. Қостанай қаласы №24 бастауыш мектеп-гимназиясының 3 «ә» сынып оқушысы Ділдә Ораз би ансамблінде үш жылдан бері өнер көрсетіп жүр.
– Алыс сапарға алғаш шығуым. Екінші рет қатысып, жүлдемен оралып жатырмыз. Былтыр Рудный қаласында өткен өнер байқауында бақ сынадық. Күнделікті репетицияларда маңдай терімізді төгіп, күшімізді салып, еңбегіміз және хореографтың төзімі, жалпы үміттеріміз ақталды. Халықаралық байқаудың жүлдесінен бөлек, қаламыздың, облысымыздың атағын халықаралық деңгейде қорғау біз үшін үлкен мәртебе болды, – дейді биші қыз мақтанышпен.
Халықтық би ансамбль Қостанай қалалық балалар шығармашылығы мектебінің базасында құрылған. Ұжымның құрылғанына 20 жылдан астам уақыт болды. Қазір ансамбль құрамында жеті топ бар, онда екі жүзден астам бала тәрбиеленуде.
– Халықаралық байқау 3 қараша күні өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен би ұжымдары қатысты. Жалпы 9 команда өнер көрсетіп, 34 шығармашылық нөмір ұсынылды. Айта кетерлігі, қазылар алқасында мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткерлері, тәжірибелі хореографтар болды. Маған ұнағаны, әр ұсынған нөмірге кәсіби тұрғыдан баға берді. Мәселен, ұсынған бидің қай тұсын жақсарту керектігін, қандай жерін жетілдіру қажеттігін ескертті. Жалпы, біздің ансамблдің үш тобының үшеуі де, әр номинация бойынша гран-при жеңіп алдық және екі жүлделі бірінші, бір екінші орынға ие болды. Біздің бәсекелестеріміз Семей, Қарағанды, Көкшетау, Шымкент, Түркістан қалаларынан, сондай-ақ ауылдық елді мекендерден келген шығармашылық ұжымдар да болды, – дейді «Алтынай» халықтық үлгідегі би ансамбль жетекшісі Салтанат Нұрымова.
Хореографиялық ансамбльдің жиырма жыл ішінде шыққан биігі аз емес. Сочиде өткен халықаралық өнер байқауында әлемнің бірнеше елінен келген бишілерден басым түсіп, жүлделі орындарды қанжығалады. Сондай-ақ, халықаралық дәрежедегі «Күн шуағы», «Звездный танец», «Танцевальная волна», «Тәңір күбірі», «Volnafest Sochi» байқауларына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Биыл қостанайлық бишілер Грузия елінің Батуми қаласында өткен үлкен байқаудан жүлдемен оралды. Қазіргі таңда ансамбль репертуарында 50-ден астам билер мен би қойылымдары бар.
Алғаш өнерге қадам басқан жылдары ұжымда 15 бала ғана болды, қазір олардың саны 200-ден асып жығылады. Ұжымның репертуарында «Қарлығаш», «Водопад», «Гномики», «Малайзи»я, «Жайдарман», «Хорезм», «Тундра», «Армян биі», «Үкілi домбыра», «Осетинская хонга», «Гүл шуағы», «Аққу-арай», «Томирис», «Кербез қыз» және басқа да қойылымдары бар. Ал, ансамбльдің бүгінгі күні қол жеткізген биіктеріне Салтанат Нұрымованың еңбегі зор.
-Әрине, ұжымды алғаш құрған кезде қобалжу болды. Кейін зор құрметке бөленеміз, өңіріміздің мақтанышы боламыз деген бұл күндер бізге арман болатын. Менің көзімнің жеткені – үзбей еңбектену, алға қойған мақсатқа ынталану жақсы нәтиже берері сөзсіз. Бірбеткейлігімнің арқасында, үлкен еңбек, ізденістің нәтижесінде осындай үлкен жетістікке қол жеткізіп отырмыз. Бишілерім еліміздің түкпір-түкпірінде, шетелдерде өткен халықаралық өнер байқауларында бірнеше елдің бишілерінен басым түсіп, бас жүлдені де қанжығалауда, – дейді хореографиялық ансамбль жетекшісі.
Түркістанда өткен байқауда өнер ұжымы «Балақай», «Снежные балерины», «Илигай», «хип-хоп» хореографиялық қойылымдарын көрсетті.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суреттерді түсірген Лариса БОЖКО