«AMANAT» партиясының дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық әдеби байқауы биыл Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, педагог Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналғанын білеміз. Осымен төртінші рет ұйымдастырылған байқау партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында Жазушылар одағымен бірлесіп өткізілген еді.
Қатысушылар 5 номинация бойынша бақ сынап, «Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы» және «Алаш аманаты» арнайы жүлделері де қарастырылды. Биыл сайысқа 300-ден астам өтініш келіп түсіп, 170-і ақтық кезеңге жолдама алған.
Қазылар алқасының мүшесі Аманкелді Кеңшілікұлы соңғы жылдары осы әдеби сынға назар аударыла бастағанын айтады.
“”Айбозым” атты үлкен байқауға былтыр әдеби сын номинациясы енгізілді. Бұл үлкен жетістік деп ойлаймын. Мына “Ұлы дала” байқауына да әдеби сын номинациясының енгізілуі бұл үлкен жаңалық. Былайша айтқан кезде, “Ұлы дала” байқауының төрт табан қабырғасы түгенделді десе болады. Өйткені мұнда проза да бар, поэзия да бар, драматургия да бар. Міне төртіншісі әдеби сын да болып тұр. Келешекте де жалғасын тапса, әдеби сынның жандануына бұл өзінің септігін тигізеді. Өйткені сын болмай, әдебиет болмайды”, – дейді Аманкелді Кеңшілікұлы.
Осы байқауға қостанайлық ақын, сатирик Абылай Мауданов «Аманат» атты шығармасын ұсынып, арнайы жүлдесін жеңіп алды.
“Мұндай байқаулар керек деп ойлаймын. Көп байқаулардың ішінде «Ұлы Дала» қаламгерлердің ортасында кеңінен танымал, сондай бір беделді әдеби байқауға айналды”, – дейді Абылай Мауданов.
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов жерлесімізге байқаудың арнайы 1 млн теңге жүлдесін өз қолымен табыс етті.
“Біз кітаппен өмір сүрдік. Әдебиет бізге моральдық, рухани қалқан болды. Ал рухани қалқан дегеніміз не? Ол – жастарды, өскелең ұрпақты дұрыс жолға бағыттап, бұрыс жолдан сақтайтын құндылықтарымыз. Бұрын қоғамды кітап тәрбиелесе, қазір интернет пен көше тәрбиелеп жатыр. Мұның жолы – жас ұрпақты отаншылдыққа, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу. Ал, ол құндылықтардың бәрі – кітапта, әдебиетте. Бұл туралы Мемлекет басшысы да талмай айтып келеді”, – деген қаламгерлерге ыстық ықыласын білдірді.