Қостанайлық ансамбль халықаралық байқаудан жүлдемен оралды

Қостанайлық ансамбль халықаралық байқаудан жүлдемен оралды

Қостанайдағы NIS-тің «HardChord» вокал-аспапты ансамблі «Dubai Music Festival» халықаралық байқауында II орынға ие болды.

22-26 наурыз аралығында Таяу Шығыстың ең әйгілі мегаполисі – Дубайда «Dubai Music Festival» VII халықаралық байқау-фестивалі өтті. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Қатар, Кувейт, БАӘ, Үндістан және Ресей елдерінен кәсіпқой шығармашылық топтар қатысты. Байқауда қостанайлық ансамбль «Аспаптар өнері» тобында «Устал металл» жеке композициясымен өнер көрсетті.

Қатысушылардың өнерін кәсіпқой музыканттар, профессорлар, шетелдің жетекші университеттері мен шығармашылық мектептерінің оқытушыларынан құралған халықаралық қазылар алқасы бағалады.

– Байқауға қатысу үшін шетелге бару ансамбльіміздің шығармашылық даму жолындағы жаңа кезең болғаны сөзсіз. HardChord құрылғалы алты жыл болды. Осы уақыт ішінде біз шеберлігімізді көрсету үшін облыс шекарасынан бірнеше рет шықтық. Бірақ мұндай сапарға бірінші рет шығып тұрмыз. Бұл біз үшін эксклюзивті тәжірибе! Өз басым осындай мүмкіндікке ие болғаныма ерекше қуаныштымын. Бірақ бұл топ құрамындағы соңғы сапарым болса керек, өйткені оқуымды бітіруіме санаулы апталар қалды. Дегенмен, оқушыларға тек сәттілік тілеймін, – дейді ансамбль солисі, 12-сынып оқушысы Богдан Ищенко.

«HardChord» ВИА-да әртүрлі жастағы 60-тан астам жас талант өнерлерін шыңдауда. Музыкалық-көркемдік жетекшісі Болат Сейітмұратов балаларға жан-жақты тәлім береді. Болат Есмұхамбетұлының айтуынша, ансамбльдегі шәкірттер өте қабілетті, жауапкершілігі мол, олар түрлі байқауда сан мәрте жақсы нәтиже көрсеткен.

Жаңалықтармен бөлісу