Қостанайда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы студент бойжеткендерді жезөкшелікпен айналысуға тартқан жеңгетайлық қылмысын әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысы ПД ҰҚҚКБ Қостанай қаласының 39 жастағы тұрғынының қылмысын ашты. Ол әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы ұзақ уақыт бойы қалалық колледждердің бірінің жас студенттерін жезөкшелікпен айналысуға тартқан.
– Алдымен, ол массаж шебері ретінде жұмысқа орналасу туралы сұхбат жүргізіп, кейін ол қыздарға ақшалай сыйақы үшін интимдік қызмет көрсетумен айналысатындарын айтқан. Қыздарды ол жеке күзетпен қамсыздандырып, әртүрлі жалдамалы пәтерлерде клиенттерді таңдаумен қамтамасыз еткен. Сондай-ақ, “жеңгетай” әйел қысқа мерзімде жақсы табыс табуға уәде берген. Аталған бизнесті ұйымдастырушының жезөкшелікпен айналысуға оннан астам қызды тартқаны белгілі болды. Полицейлер қылмыс жасау тетігін және қылмыстың барлық қатысушыларын толық анықтады, – дейді Қостанай облысы ПД ҰҚҚКБ бастығы Серік Байғонов.
Жалдамалы пәтерлер мен тұрғылықты жерлерге тінту жүргізу барысында жеке заттар, телефондар, 5 млн теңгеден астам ақша және 8 мың ресей рублі тәркіленді.
Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 308-бабы (Жезөкшелікпен айналысуға тарту) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.