Өткен жылы Қостанай облысындағы жолдарда 700-ден астам кемшілік анықталған. Биыл төселген асфальттың сапасы қандай? “Жол активтері ұлттық сапа орталығы” тексеру жұмыстарын бастады.
Алғашқы кезекте Қостанай қаласынан Федоров ауданына шығатын бағыттағы жаңадан төселген жолдың сапасы тексерілді. Мердігер “Арвис” ЖШС жолдың 5 шақырымына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізген. Оның үш шақырымына қиыршық тасты мастикалық қоспамен біріктіріп жоғары қабатына төсеген. Мамандар жабындының дұрыс төселгенін айтып отыр.
– Төменгі қабатында 50% қиыршық тас төселген, ал жоғарғы бөлігінде 70%-ке дейін. Сондай-ақ, битум мен минералды ұнтағы бар целлюлоза қоспасы қолданылған. Бұл жабынның ыдырап кетпеуіне әсер етеді. Әдетте ауыр жүк көліктері қозғалысынан тас жолда ойық-шұңқырлар пайда болады. Алғашқы сынама алынды, 5 сантиметр нормативке сәйкес келеді, – деді “Жол активтері ұлттық сапа орталығының” Қостанай облыстық филиалының директоры Рафис Зинетов.
Орталық мамандары әр 300 метр сайын 10 сынама алады. Осылайша 3 шақырымды толық тексеріп шығады.
Филиал директорының айтуынша, биыл жолды қайта өңдеу бойынша әзірге ешқандай дерек тіркелмеген.
– Жөндеу маусымы енді ғана басталғандықтан, осы жылы мұндай оқиға болған жоқ. Өткен маусымда Қостанай облысында шамамен 4 шақырым жол жабыны мен 2 шақырымды қайта өңдеуге міндеттелген мердігер ұйымдар болды. Жалпы, 2022 жылы 769 бұзушылық анықталды, – деді Рафис Зинетов.
Федоров ауданы бағытындағы жолдан алынған сынамалар зертханаға жіберіледі. Ол жерде тас жол бөлшегі толық зерттеледі. Талаптарға сай келмеген жағдайда тапсырыс беруші ТКШ бөлімі мердігерді жабындыны қайта жасауға міндеттейді.
– Олқылықтар анықталып, сапа стандартқа сай келмесе мердігерге хабарлама жіберіледі. Ол жабындыны қайта жасауға тиіс. Жалпы биыл Қостанай қаласы бойынша 65 көшенің бесеуінің тас жолы толық жаңартылады. Қалған көшелер орташа және ресайкілеу әдісімен жөнделеді. Ол үшін 86 млрд теңге бөлінді, – деді ТКШ бөлімінің бас маманы Шыңғыс Омаров.
“Жол активтері ұлттық сапа орталығы” филиалы мамандары облыс орталығының жол белгілерін де тексерген еді. Олар нормативтік құжатқа сүйеніп, беріктік, жарық қайтару коэффиценті мен тіпті түстердің кординаттарын анықтаған. Нәтижесінде жол белгілерінің көбінде шағылысу коэффиценті нормаға сай келмейтін болып шықты.
– Орнатылған жол таңбасы ауа райының қолайсыздығы жағдайында да, қараңғы кезде де автомобиль шамдарының жарығына шағылысуы тиіс. Тексеру кезінде бірқатар жол белгілерінің стандарттарға толық сәйкес келмейтіні белгілі болды, – дейді “Жол активтері сапасы орталығының” облыстық филиалы бөлімінің басшысы Владимир Завалий.
Тексеруге қаланың ТКШ бөлімі қызметкерлері де қатысқан. Нормативтік құжаттамаға сәйкес келмеген барлық олқылықтар міндетті түрде түзетілетін болады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.