Мектеп биыл 10 жылдық мерейтойын атап өтті. Осы жылдар ішінде 701 оқушы білім алып, қанат қағып шықты. Биылғы оқу жылының соңында 98 түлек мектеппен қоштасты.
Мектеп директоры Гүлнара Досқазиева барша оқушылар мен ұстаздарды оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге жылы тілегін білдірді:
– Құрметті түлектер! Алдарыңызда жаңа өмірдің есігі ашылып тұр. Армандарыңыз асқақ, жолдарыңыз ашық болсын. Қай жерде жүрсеңіздер де, туған мектебіңізді және сізге жол сілтеген ұстаздарыңызды жүректеріңізде сақтаңыздар, – деді директор.
Мектеп сахнасында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған әдеби-музыкалық қойылым қойылып, көпшілікке ерекше әсер қалдырды.
Салтанатты жиында озат оқушылар марапатталып, бірнеше номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. «Жыл оқушысы» аталымын Дамир Сарбасов жеңіп алса, «Ең үздік шаңырақ» атағы «Есіл» шаңырағына бұйырды.
Биыл алғаш рет 7-сынып оқушыларына арналған «Домбыра» жобасы іске қосылып, жоба қатысушылары «Мұрагер» ансамблімен бірге қазақтың әйгілі күйлерінен құралған музыкалық қойылымды орындап, көрермендердің ыстық ықыласына ие болды.
Мектептің өзін-өзі басқару кеңесінің президенті Санжар Құсдәулетов соңғы қоңырау сәті туралы былай деді:
– Бұл күнді асыға күттік. Таңертеңнен ерекше толқу болды. Қыздар шаштарын сәндеп, барлығымыз ерекше дайындықпен келдік. Сәуір айынан бастап дайындалған вальсімізді биледік. Қуаныш пен қимастық қатар жүрді. Ұстаздардың жүрекжарды тілектері мен қоштасу сәті – ең әсерлі мезеттердің бірі болды. Мектеп жылдарының қалай тез өткенін сол сәтте түсіндік. Барлық ұстаздарымызға, ата-аналарымызға және мектеп ұжымына алғысымыз шексіз. Алда үлкен өмір күтіп тұр, бірақ туған мектебімізді ешқашан ұмытпаймыз.
12 «В» сынып түлегі Дияр Қарлыбай :
– Міне, бүгін мен үшін осы мектептегі соңғы қоңырау. Ең біріншіден, бізге тегін білім берген ұстаздарымызға және мектебіміздің ұжымына алғысым шексіз. Мектептің әрбір сәті менің жүрегімде мәңгі сақталады. Алдағы уақытта сыныптастарыма сәттілік тілеймін, – деді ол.
Ата-аналардың атынан Айгүл Оспанова :
– Бүгін – балалар үшін ғана емес, ата-аналар үшін де ерекше күн. Уақыттың қалай өткенін байқамай қалдық. Кеше ғана кішкентай бүлдіршіндерді жетектеп әкелгенімізді енді үлкен өмірге қадам басқалы тұрмыз. Балаларымызға тек сәттілік тілейміз! Ұстаздарға ерен еңбектері үшін, мектеп ұжымына қолдауы мен қамқорлығы үшін алғысымыз шексіз. Түлектердің әрқайсысы өмірде өз орнын тауып, елге қызмет ететін азамат болғай, – деді ол.
Соңғы қоңырау – қоштасудың үні ғана емес, болашаққа апарар үміт пен сенімнің бастауы.
Диана Алмасқызы
ҚӨУ студенті