Қостанайдағы есірткіге қарсы акцияға төрт жүзден астам адам қатысты

Қостанайдағы есірткіге қарсы акцияға төрт жүзден астам адам қатысты

Қазіргі қоғамда нашақорлық мәселесі өзекті болып отыр. Әсіресе, синтетикалық есірткілердің таралуы кеңінен белең алды. Белсенді әрекет ететін заттарды жарнамалайтын сайттардың бес жүзі бұғатталғанымен, жылма-жыл заңсыз айналымының үлесі шамадан тыс артып келеді.

Бұл қылмыспен көбінесе жастардың айналысуы көңілге қаяу үйіреді.

Осы мәселемен қоғам болып бірлесіп күресуді облыстық полиция департаменті әлдеқашан бастап кеткен.

Акцияға облыстық денсаулық сақтау басқармасының тапсырысымен қолдау көрсеткен “Қостанай жас жетекшілері” қоғамдық бірлестігінің үлесі де қомақты. Гүлсім Бейсембаева бастаған ұжым қатысушыларды арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп келеді.

Бұл жолы қаладағы колледж студенттерінен құралған волонтерлермен бірлесіп, есірткіні жарнамалайтын заңсыз жазуларды өшіру акциясын ұйымдастырды.

“Бұл жыл басынан бергі жетінші іс-шара. Көмекке қаланың 13 колледжінен студенттер келді. Төрт жүзге жуық бала Кск шағын ауданынан бастап, Фабричный, Волынов, Ворошилов көшелеріне 20 адамнан бөлініп аттанып жатыр”, – дейді Есірткімен күрес басқармасының аға уәкілі Айгүл Ерәділова.

Қолға алынған осы акциямен қатар полицейлер түбегейлі рейд жүргізді.

Қырыққа жуық қылмыстық іс қозғалды. Естеріңізге сала кетейік осы қылмыспен ұсталған еліміздің азаматтарының алты жыл бостандығы шектеледі.

Мұнымен айналысатын жандар жан-жағын әуелі зерттеп алатыны түсінікті. Бейне камераның жоқтығын бірінші біліп алады.

Полиция қызметкерлері қылмыскерлердің ол орындарын анықтау үшін адамдардың сезбейтін нәрсесін сезетін үйретілген иттердің көмегіне жүгінеді.

Мәселен, Тұрсын Бақытбекұлы бүгінде Тесла есімді Бельгия овчаркасын жанына серік етіп келе жатыр.

“Осы салада жүргеніме төртінші жыл. Былтырдан бері ит жүгірту жұмысына ауыстым. Тесланың көмегімен биыл 63 келіге жуық есірткі заттарын тауып алдым”, – дейді ол.

Тесла осы жолы да есірткі затын алып өткен орындарды іздеп келеді. Қуыс-қуысты аралап, сезгіш тұмсығы есірткі сатқан адамның іздеріне тіреледі. Ол іздің артындағы жасырын жарнамаларды студенттер көзін жойып отырады.

Қостанайдағы медицина колледжінің студенті Әсел Өтетілеуованың бұл ең алғашқы акциясы.

“Осы акция арқылы жасөспірімдерге нашақорлықтың зиянын түсіндіре аламыз”, – дейді ол.

Құрбысы Эльвира Әкімханова қазір бұл тақырып өте өзекті болып отырғанын айтады.

“Акцияға қатысқаныма өте қуаныштымын. Қатарымыз күннен-күнге артып, айналамызды қауіпті қатерден сақтауымыз керек”, – дейді акцияға қатысушы.

Бірнеше сағат ішінде қатысушылар 700-ден астам есірткі жарнамаларын жойды. Жұмыс қала орталығында да, шеткі аумақтарда да жүргізілді.

Бұл бастама есірткі қылмыстарының жолын кесуге ғана емес, қаланың сыртқы келбетін жақсартуға да бағытталғанын айта кетейік.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Суреттерді ұсынған Полиция департаменті 

Жаңалықтармен бөлісу