24 мая, 2025
Қостанайдағы арнайы орталықта 16 жастағы тәрбиеленушіні үтікпен күйдірген

Қостанайдағы арнайы орталықта 16 жастағы тәрбиеленушіні үтікпен күйдірген

Қостанай қаласындағы дамуында ауытқуы бар балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығында жасөспірім қыздың денесіне әдейі зақым келтірілгені анықталды. 16 жастағы тәрбиеленушінің денесіндегі күйік ізін мекеменің медицина қызметкері күнделікті тексеру барысында байқаған.
Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әлия Мекебаева мәлімдеді.  Оның айтуынша, мекемеде балаларды күн сайын медициналық қарап-тексеру жүргізіледі. Баланың денесіндегі қызаруды байқаған медбике бұл туралы аға медбикеге, ал ол директорға хабарлаған. Артынша қыз облыстық аурухананың травматолог дәрігеріне жеткізіліп, дәрігер диагноз ретінде күйік екенін растаған.
Оқиға белгілі болған сәтте бірден полицияға хабар беріліп, ҚР ҚК 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қостанай облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда.
Облыстық басқарма жанынан арнайы комиссия құрылып, орталықта қызметтік тексеріс жүргізілді. Бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар мен мекеме қызметкерлерінен жиналған түсініктемелер тәрбиешінің бұл әрекетті әдейі жасыруға тырысқанын, алайда камераның бәрін жазып алғанын көрсетті.
Айта кетейік, аталған орталықта барлығы 137 бейнекамера орнатылған. Олар балалардың ұйықтайтын, ойнайтын, тамақтанатын бөлмелерінде және барлық мамандардың кабинеттерінде жұмыс істейді. Бұл камералардың барлығы облыстық полиция департаменті жанындағы жедел басқару орталығына тікелей қосылған.
Қызметтік тергеу нәтижесінде тәрбиешінің мұндай әрекетке отбасылық қиындықтарға байланысты жол бергені анықталған. Аталған дерекке байланысты басқарма тарапынан тиісті шаралар қабылдау жөнінде ұсыныс берілді.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ