Қостанайда жылу желілеріндегі апат айтарлықтай азайған

Қостанайда жылу желілеріндегі апат айтарлықтай азайған

Осы жылдың алты айындағы дерек бойынша, Қостанай облысындағы төрт жылу-энергетика орталықтарындағы орташа тозу көрсеткіші 67,5% болып тұр (2022 жыл – 69,7 %, 2023 жыл – 68,4 %). 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 43% дейін азайту көзделіп отыр. Облыс әкімдігінде өткен кеңесте осы жөнінде айтылды.

Қостанай облысының аумағында жылу энергиясын өндіретін 4 орталық жұмыс істейді, оның ішінде үшеуі мемлекеттік меншікте (Қостанай ЖЭО-1, Қостанай ЖЭО-2, Арқалық ЖЭО-1), біреуі жеке меншікте (ССКӨБ АҚ Рудный электр станциясы) және 95-ке жуық қазандық бар.

Кеңесте облыс әкімі Құмар Ақсақалов биыл Қостанай жылу-энергетика компаниясы мерзімінен бұрын қарызын өтеу үшін өңір қазынасынан 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінгенін атап өтті. Соның көмегімен қалада жылу тарифі қымбаттаған жоқ әрі қызметкерлерінің айлық еңбекақысы көтерілді.

“Қостанайда Әуежай шағын ауданында мәселелі учаске болды, бірақ өткен жылыту маусымында ондағы жылу желілерін ауыстырғанымыздың арқасында біз апаттар санын 30% азайта алдық. Биылғы жұмыс осы шағын аудандағы апатты жағдайларды толығымен жояды”, – деп тоқталды Құмар Ақсақалов.

Осы күндері орталық ЖЭО-да №4 бу қазандығына күрделі жөндеу жүргізілуде. Оған 114 млн теңге қаралған. Қазірдің өзінде қазандықты қаптау жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар, №4 су жылыту қазандығының төменгі коллекторлары мен экрандарын бөлшектеу және монтаждау жұмыстары жүргізілді. Оны күрделі жөндеуге 208 млн теңге жұмсалды. Қостанайдағы екінші ЖЭО-да да жөндеу жүріп жатыр.

“Осы жылы 21 гидравликалық сынақ жүргізілді, нәтижесінде 32 технологиялық ақау анықталды, сондай-ақ шағын апаттар ескерілді. Өткен сынақтардың талдауы жылу-энергетика жабдықтары апаттарының төмендегенін көрсетті. Мысалы, 2021-2022 жылдары – 44 факт, 2022-2023 жылдары – 41 факт, 2023-2024 жылдары 32 факт тіркелген. Барлығы 3 жыл ішінде технологиялық ақаулық 12 фактіге немесе 32% азайған”,, – деді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Дәрен Асқаров.

Облыста жылу желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 743,6 км, олардың тозу көрсеткіші – 47,4%.

Жаңалықтармен бөлісу