Өткен жылы 13 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Оның тең жартысына жуығы тұрақты және уақытша жұмысқа орналасқан. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен аппараттық кеңесте “Мансап орталығы” филиалының басшысы Эльмира Есмағамбетова баяндап берді.
Филиал басшысы халықты орталық арқылы жұмыспен қамту үшін жұмыс орындарын құру, жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыру және мемлекеттік қолдаудың белсенді шараларын көрсету жөніндегі кешенді шаралар жасалғанын айтады.
“Қысқа мерзімді курстарда оқу үшін жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша оқу орталықтарына 130 адам жіберіліп, олардың 127-і жұмысқа орналасты. Олардың дені аспаз, электромонтажшы, шаштараз, тігінші, кондитер және басқа кәсіп бойынша жұмысқа тұрды. 1470 адам skillsenbek платформасында электрондық еңбек биржасы арқылы онлайн оқыту форматында сұранысқа ие дағдылар бойынша білім алды. Яғни, жаңадан бастаушылар мен практиктерге арналған курстардан өтті”, – дейді Эльмира Есмағамбетова.
Бұл платформаны еліміздің кез келген азаматы пайдалана алады. Сондай-ақ осы курстарды жұмыс берушілер өз мамандарын онлайн-оқыту үшін де пайдаланады. Мұнда нарықтың әртүрлі саласын қамтитын 480-ге жуық курс ұсынылған. Мемлекет басшысының әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде өткен жылы 3293 кәсіпкерлік субъектісі 5008 жұмыс орнын құрған.
Сералы МЫРЗАБАЙ